Tesla Model Y L электромобильдеріне ЖИ-ге негізделген дауыс көмекшілері пайда болады

АСТАНА. KAZINFORM — Tesla компаниясы Қытайдағы электромобильдеріне деген сұранысты арттыру мақсатында тек алты орындық Model Y L кроссоверін шығарумен шектелмейді. Компания жергілікті тұтынушылардың сұранысына бейімделу үшін фирмалық дауыс көмекшісін қытайлық тілдік модельдер арқылы жаңартуға ниетті, деп жазды Азертадж.

Tesla Model Y L электромобильдеріне ЖИ-ге негізделген дауыс көмекшілері пайда болады
Фото: Азертадж

CnEVPost порталына сілтеме жасаған АЗЕРТАДЖ агенттігінің хабарлауынша, Tesla Model Y L көліктеріндегі мультимедиялық жүйе DeepSeek және ByteDance Doubao атты жасанды интеллектке негізделген дауыс көмекшілерін қолдайтын болады. Бұл шешім ByteDance компаниясына тиесілі Volcano Engine бұлтты платформасында жұмыс істейді.

  • Doubao — көлік жүйелерін басқаруға байланысты қызметтік сұраныстарға жауап береді,

  • DeepSeek — әртүрлі тақырыптар бойынша еркін сұхбат жүргізуге мүмкіндік береді.

АҚШ-та Tesla компаниясының дауыс интерфейсі Илон Маск басқаратын xAI стартапының шешімдеріне негізделген. Ал жаңа Model Y L моделінде дауыс көмекшіні іске қосу үшін арнайы құпия сөз айту жеткілікті. Бұл — Tesla-ның басқа Қытайға арналған модельдерінде тек рөлдегі доңғалақты басу арқылы ғана іске қосылатын көмекшімен салыстырғанда жаңашылдық болып саналады.

Айта кету керек, Tesla бұл салада жергілікті автоөндірушілерден біраз артта қалып қойған. Қытайлық брендтер интеллектуалды интерфейстерді тұтынушылардың сұранысына қарай әлдеқашан бейімдеген.

DeepSeek негізіндегі дауыс көмекшілерін тек Tesla ғана емес, сондай-ақ Zeekr, Dongfeng (Nissan, Voyah, M-Hero) және басқа да көптеген брендтер ұсынады.

Осы уақытта АҚШ-та Tesla Cybertruck пикабының жоғарғы нұсқасының бағасын 15 000 долларға көтеріп, 114 990 долларға дейін қымбаттатты. Алайда бұл қосымша сома тек бейматериалдық бонустарға арналған: сатып алушыға FSD (Full Self-Driving) толық автономды жүргізу жүйесі және Tesla Supercharger станцияларында тегін қуаттандыру құқығы беріледі.

Cybertruck-тың басқа нұсқаларының бағасы өзгерген жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Трамптың кесірінен Tesla компаниясы тек баж салығына бола 300 млн доллар жоғалтқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар