Қазақстан мен Өзбекстан геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қазақстан мен Өзбекстан геологиялық барлау саласындағы байланыстарды тереңдету мақсатында бірлескен конференция өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Қазақстан мен Өзбекстан геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ
Фото: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Аталған бастама Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов пен көршілес елдің Тау-кен өнеркәсібі және геология министрі Бобир Исламов арасында өткен кездесуде көтерілді.

Тараптар жауапты ұлттық компаниялар арасындағы байланыс, геологиялық барлау жобаларын бірлесіп іске асыру, геологиялық-техникалық деректермен алмасу мәселелеріне тоқталды.

Айта кетейік, биыл 20 наурызда Хиуада өткен Қазақстан мен Өзбекстан сыртқы істер министрлерінің алғашқы отырысында ведомство басшылары стратегиялық маңызды минералдар бойынша бірлескен жұмыс тобын құруға уағдаласқан болатын.

Тиісінше, биыл ресми Астана мен Ташкент сарапшылар деңгейінде ұсыныс әзірлеуді жоспарлап отыр. Ол үшін жауапты министрліктер, ғылыми институттар және бизнес өкілдерінің қатысуымен бірлескен конференция өтуі мүмкін.

Еске салайық, былтыр Өзбекстанның бірнеше өңірінде уран кені табылды.

Сонымен қатар Малайзия Өзбекстандағы кен орындарын игеруге мүдделі.

Бұған қоса Өзбекстан газ өндірісін ұлғайту мақсатында биыл 15 учаскеде геологиялық барлау жүргізбек.

Соңғы жаңалықтар