Ертіс орманын өрттен қорғау: ескі стансалар мен техника тілсіз жауға төтеп бере ала ма

өрт сөндіру
Фото: Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Былтыр Абай еліндегі қарағай ормандарын жайпаған алапат өртке Ертістің Павлодар өңіріндегі ауылдардың халқы айрықша алаңдап қалды. Себебі, жалқарағай ормандары Павлодар өңірімен шектесіп, бірнеше ауданның аумағын алып жатқаны мәлім. Өкінішке қарай, 277 мың гектар орманды жерге жауапты «Ертіс орманы» резерватының өртке қарсы дайындығы мәз болмай тұрған тәрізді. Тек ол емес, облыстағы өзге де орман қорғау мекемелерінде шикіліктер кездесіп жатыр.

Семей орманында болған өрттен қанша шығын келді
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Семей трагедиясы Ертіс өңірінде қайталанбай ма?

Айрықша қорғалған аумақтарда өрт қауіпті кезеңде тілсіз жау тұтанбай тұрмайды. Алайда кәнігі орманшылар дәл былтырғыдай алапаттың тәуелсіздіктен бергі тарихымызда алғаш рет болғанын айтып отыр. Ауа райын болжаушылар алдағы жаздың да құрғақ болатынын қазірден болжап қойған. Қарағайдың жоғарғы тұстарындағы бұтақ­тары аптап ыстықта әбден кеуіп, шырпы тисе қау ете қалады.

сіріңке
Фото: pixabay.com

Осы аптада Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бірқатар облыстың ықтимал орман өрттеріне дайын еместігін айтып, соның ішінде Павлодар облысын да атағаны мәлім

Ерлан Нысанбаев
Фото: primeminister.kz

Ведомство басшысының сөзінше, «Ертіс орманы» резерватын тексеру барысында қолда бар патрульдік және өрт сөндіру көліктерінің барлығын есептен шығару керектігі анықталды. Сондай-ақ, жиі кездесетін кемшіліктердің тағы бір легі — рациялар мен арнайы киімдердің жетіспеушілігі. Ендеше алдағы айлар жергілікті орманшы­лар мен өрт сөндірушілер үшін нағыз сын кезеңі болатыны айқын. Семей ормандарын­дағы трагедия біздің аймақта қайталанбауы үшін не істеу керек?

Т. Шакарманов
Фото: Т. Шакармановтың жеке архивінен

Бір кездері «Ертіс орманы» мекемесін басқарған тәжірибелі орманшы, еңбек ардагері, Аққулы аудандық мәслихатының депутаты Төлеген Шакармановтың сөзіне құлақ түрсек, орман қорғау ісінде жүйесіздіктер баршылық.

«Орман ша­руашылығы және жануарлар дүниесі ко­митетінің басшылығы өз ісінің мамандары емес. Мұны ашық айту керек. Қаншама басшылар ауысып жатыр, барлығы да бұл салаға титімдей жаңашылдық әкеле алмады. Әсіресе 2009-2013 жылдары осы комитетті басқарған қазіргі министр Ерлан Нысанбаевтың тұсында да орман өрттері өте көп болды. Біздің облысымызда жалқарағай ормандары отқа оранғаны былай тұрсын, ағаш кесу, ұрлау фактілері көпе-көрінеу жиіледі. Осының барлығына комитеттің сол тұстағы басшылары түрткі болды деп ойлаймын. Себебі, ол уақытта орман саласының жұмысын мен бес саусақтай білдім. Жергілікті тәжірибелі орманшылардың ұсыныс-пікірлері тың­дал­мады. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келе жат­қаны байқалады. Саладағы жүйесіздіктің бір ғана салдарын айтайын, 2010 жылы біздің облыс аумағында басталған алапат өртке өрт сөндірушілеріміз ие бола алмай, тілсіз жау Ресей Федерациясына өтіп кетті. Онда тұтас ауылды жайпап өтті. Біздің мемлекетіміз кел­­ген шығынды өтегені де есімде. Егер сол кезеңде Ресейге төлеген миллиардтаған қаражат өзімізде қалса, оған Қазақстандағы барлық орман шаруашылығын аяғына тұрғызуға болар еді деп ойлаймын. Кейін резерват аумағында бірнеше елді мекенді өрт шарпыды. Тұрғындардың талай жыл тұрған баспаналары қора-қопсы, дүние-мүлкімен қоса жанып кетті. Резерват басшылығының жергілікті халықпен байланысы дұрыс болмаған соң, орман меке­месіндегі қызметкерлер орман күзе­тіндегі техникалық базаға жүрдім-бар­дым қарай­ды», - деп қын­жылыс танытты депутат.

Оның пікірінше, Павлодар облысы әкімдігінің жанынан орман қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылуы керек. Барлық жағдайды сараптап, алдағы қадамдардың қалай жү­зеге асатынын тәжірибелі орманшылармен ақылдасқаны абзал.

«Қазіргі ең басты шешілуі тиіс мәселе – әбден ескіріп кеткен өрт сөндіру машиналарын жаңарту. Байқайтыным, резерваттың өрт сөндіру қызметі көп жағдайға дайын емес. Былтыр еліміздің оңтүстік өңірлерінен әлдеқашан есептен шығарылып тасталған ескі өрт сөндіру көлігі әкелініп, сырты боялып, қатарға қосылды. Ыңыршағы айналған бұл техникалар тілсіз жаудың бетін қайтаруға қабілетті бола алатынына өз басым сене алмаймын.

Екіншіден, орман өрт сөндіру стансаларының (ОӨС) күйі өте аянышты. Ғимараттар тозып кеткен, бірнеше ауылда, атап айтқанда Бәйімбет, Тайбағар, Майқарағай ауылдарында ол тіпті жоқ десе де болады.

Үшіншіден, орман арасындағы жолдардың жағдайы нашар. Көп жолдарды құлаған ағаштар басып қалған. Олар уақтылы тазаланбайды. Резерваттың Бесқарағай филиалы Аққулы ауданында, ал Шалдай филиалы Шарбақты ауданында орналасқан ғой. Осы екі филиалдың ортасын қосатын дені дұрыс автокөлік жолы да жоқ. Өрт шыға қалса, бірінің көліктері екіншісіне қиқалаңдап жеткенше талай уақыт өтіп кетеді. Ал орман өртінде әрбір минут алтыннан да бағалы. Сондықтан орман ісінде қарағайлар арасындағы жолдарға стратегиялық бағыт ретінде қарауымыз керек.

Төртіншіден, былтыр орманшылардың еңбекақысы көтерілді де, бұл салада еңбектеніп жүрген жүргізушілердің, өрт сөндірушілердің жалақысы өспей қалды. Еңбекақы аз жерде адам тұрақтамайды. Ұйымдастыру жұмыстары рет­ке келмейінше, Абайдағы трагедия біз­дің де ба­сымызға келіп жетуі әбден мүмкін деп ойлай­мын. Өзіміз де қалың орманның арасында, Аққулы ауданындағы Шоқтал ауылында тұрып жатырмыз. Құдай бетін аулақ қылсын, қалың өрт шықса, жақын маңнан ауылға келіп көмектесетін арнайы өрт сөндіру жасағы жоқ. Шоқталда не өрт сөндіретін машина, не арнайы трактор жоқ. 2022 жылы ауыл шетінде өрт шығып, күйіп кете жаздадық. Ауылға жақын жерде өрт бақы­лау мұнарасының өзін әрең орнатқыздық. «Тайбағар» орманшылығы негізінен кезінде осы Шоқталда орналасуы керек болған. Алайда оның орталығы әлі күнге Шалдайда тұр», - деп күйінеді ақсақал.

өрт сөндіру
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
көлік
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
өрт сөндіру
Фото: Kazinform

Көлік те, өрт сөндіру стансалары да қаусап тұр

«Ертіс орманы» МОТР РММ бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Әметов бүгінде резерват аумағында материалдық-техникалық тұрғыдан мәселелер туындап отырғанын жасырмады. Айтуынша, қызметкерлердің орман қорғау ісіндегі өртке қарсы дайындық шарала­ры ойдағыдай. Жеке құрамдар кез келген тосын жағдайға әрекет етуге мығым. Тек ескі техникалар үлесінің ұлғаюы, талапқа сай ӨСС-тердің болмауы қолбайлап отыр.

«Біздің мекемеде 38 өрт сөндіру машинасы бар болса, соның 50 пайызы әбден тозып тұр. Ал қолданыстағы 11 ОӨС-тің 6-уы апаттық жағдайда, яғни мүлде жарамсыз. Өрт сөндірушілердің арнайы киімдері, техникалық жабдықтар мен құралдар бойынша да ішінара мәселелер бар. Олар бойынша республикалық комитетке өтінімдер жіберілді. Қаражат бөлінсе, бұл қиындықтар шешіледі деген үміт зор. Резерватқа 2010-2011 жылдары УАЗ автокөлігі негізінде жасалған 14 шағын өрт сөндіргіш кешен сатып алынған екен. Олардың да қолданыс мерзімі аяқталып, бүгінде 60 пайызы жаңартуды қажет етіп тұр. Патрульдік машиналарымыздың 70 пайызын есептен шығару қажет. Осыншама ескі техникаларды үнемі жөндеп, жұмыс қалпында ұстап тұру өте көп қаражатты қажет етеді. Машиналарымыздың ескілігі сол, өрт сөндіруге бір шығып келсе, міндетті түрде жөндеуге барып тұрады. Оларды қалыпты ұстап тұруға, қосалқы бөлшектер сатып алуға резерваттың жыл сайын бөлетін қаражаты тіпті жетпейді. Әйтеуір шықпа жаным, шықпа деп, өлместің күнін көріп отырмыз. Биыл мәселен, мекеменің бюджеті 3 млрд теңге болды, бірақ ол негізінен қызметкерлеріміздің еңбекақысына, жанар-жағармайға жұмсалады», - деп жағдайды түсіндіруге тырысты ұйым басшысы.

Қазбек Әметов
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Қазбек Қасымұлының айтуынша, былтыр еліміздің оңтүстігінен 6 өрт сөндіру көлігі әкелінген. Олар резерватқа өтеусіз беріліпті. Алдағы маусымда өзге техникаларға көмек ретінде пайдаланылады деп жоспарланған. Дейтұрғанмен, орман арасындағы өртті сөндіруге мұндай КАМАЗ базасындағы машиналар емес, ЗИЛ, ГАЗ-3308 сияқты жылдам маневр жасауға бейім көлік құралдары тиімді көрінеді. Ал әлгіндей ауыр көліктер дала өртін сөндіруде пайдасы зор. Қазір шаруашылықтағы рациялар жаппай цифрлы жүйеге көшіріліп жатыр. Сондықтан әзірге рациямен толық қамтуда тежелістер туындауы мүмкіндігін жеткізді.

Жағдай өзгермесе, басшылар жауапкершілікке тартылады

Былтыр Павлодар облысында орман өрттерінен келген шығын 240 млн теңге болғанын хабарлағанбыз. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев 2023 жылы 3905 гектар алқапта барлығы 207 орман өрті тіркелгенін айтады. Өрттер саны бойынша Павлодар облысы өткен жылы антирейтингте бірінші орынға шыққан.

Руслан Төлепбаев
Фото: Павлодар облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі

«Жуықта «Ертіс орманы» резерваты мен Баянауыл ұлттық паркін және Максим-Горький, Үрлітүп, Павлодар орман мекемелерін тексеріп шықтық. Сонда байқағанымыз, «Ертіс орманының» жалпы дайындығы дұрыс. Тек біздің мамандар кейбір орманшылықтарда, соның ішінде Бесқарағай филиалында тракторлар мен өрт сөндіру машиналарының от алмайтынын тіркеді. Баянауыл ұлттық паркі мен Үрлітүп, Максим-Горькийдегі кемшіліктер біздің ескертуімізден соң тез арада реттелді. Тек Павлодар мекемесіндегі ахуал қанағаттанарлықсыз болып тұр. Онда қызметкерлері пайдаланатын рациялар, техникалар, қарапайым күрек, тырма, шартылдақ аспаптар нормативтерге сай болмады. Әр кемшілікті түзету бойынша нақты мерзімдерді белгіледік. «Ертіс орманында» орман өртін сөндіру стансаларының жартысынан астамы нашар жағдайда. Олар бойынша мәселелер назарға алынды. Осы апта соңында аталған орман шаруашылықтары басшыларының кемшіліктерді түзету туралы есептерін тыңдап, жағдайдың шын мәнінде оңалғанын өз көзімізбен барып көреміз. Егер жағдай өзгермесе, онда мекеме басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деп ескертті Р. Төлепбаев.

Түсініктірек болуы үшін айтып өте­йік, баға жетпес байлығымыз саналатын ре­ликті қылқан жапырақты ағаштар елі­міз­дің солтүстік-шығыс өңірінде ғана кез­деседі. Ежелгі мұхиттың табанында, құм жал­дарында өсіп шыққан «Ертіс орман жолағы» Шалдай және Бесқарағай орман шаруашылықтарынан, оның ішінде 16 орманшылықтан тұрады. Жалпы аумағы 162 мың орман жамылғысы қорғалуы жағы­нан аса құнды орман алқаптары санатына енеді. Бүгінде резерват аумағында өсімдіктердің 84 түрі тіркелсе, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде флораның алуандығы кеңейіп, былтырға дейін 226 түрі анықталыпты. «Қызыл кітапқа» енгізіл­ген жануарлар мен құстардың 7 түрі, түрлі тұяқты аң, соның ішінде шамамен 190 бұлан орманды мекен етеді.

Еске сала кетейік, «Ертіс орманы» басшысы пара алды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Сондай-ақ Ертіс ормандарында сәуір айынан бастап өртті ерте анықтау жүйесі іске қосылды

Соңғы жаңалықтар