Мемлекет басшысы БҰҰ сессиясында Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78-сессиясында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру бастамасын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өз кезегінде COVID-19 пандемиясының ауыр салдары болашақ биологиялық қауіп-қатерлер алдында біздің дәрменсіз екенімізді көрсетіп берді. Қазақстан Ассамблеяның Бас хатшысы мен Төрағасын Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру процесін бастауға үндейді», - деп ұсыныс айтты Президент сессияның жалпы дебатында сөйлеген сөзінде.
Бұған қоса Мемлекет басшысы БҰҰ залына жиналған мемлекет басшылары адамзаттың болашағына жауапты екенін баса айтты.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси жағдайларға қарамастан біздің қоғам мен Үкімет Әділетті Қазақстан құрып жатқанын атап өтті.