1 қыркүйекте автокөлікті заңсыз әкелуге қарсы жаңа шаралар күшіне енеді

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов 10 күн ішінде елге автокөліктерді заңсыз әкелудің жолын кесуге бағытталған кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Фото: Business Media

Премьер-министр еліміздің аумағына көлік құралдарын заңсыз әкелу фактілері әлі де тіркеліп жатқанын атап өтті. Мұндай көліктердің басым бөлігі техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейді.

— Бұл, соның ішінде кедендік заңнама нормаларын құқықтық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтарға да байланысты. Қаржы министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірге он күн ішінде автокөліктердің ел аумағына заңсыз әкелінуіне жол бермеу жөнінде шаралар кешенін әзірлесін. Қолданыстағы заңнамалық нормаларды түсіндіру барысында нақты әрі айқын ұстаным болуға тиіс, — деді Олжас Бектенов.

Кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу саласындағы тиісті тәсілдер осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілуге тиіс.

Айта кетейік, биыл елімізде 190 мың автокөлік шығарылады.

Қазақстанның 19 оқу орнында автоөнеркәсіп мамандары даярланып жатыр.