14 жасар Ахмади Мақанов Қытайдағы турнирдің жеңімпазы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 14 жастағы Ахмади Мақанов Қытайдың Чэнду қаласында мәресіне жеткен ITF World Tennis Tour Juniors J60 турнирінде озық шықты.

Фото: ҚТФ

Ахмади финалда Қытай Тайбэйінің өкілі К.Маодан басым түсті. Тартысты өткен матчта А.Мақанов 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

А.Мақанов 2025 жылдың қорытындысы бойынша Еуропа теннис қауымдастығының (Tennis Europe Tour) беделді «Жылдың үздік шетелдік ойыншысы» марапатына ие болған еді. 

Тағы бір қазақстандық, WTA рейтингісінде 1 465-орында тұрған Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Луан (Қытай) ITF W15 турнирінің финалына дейін жетті.

Қазақстандық спортшы ресейлік Мария Калякинамен бірге финалда қытайлықтар Чэнь Ижу – Ма Жосимен чемпиондық атаққа таласты.

Соңғы бәсекеде қазақстандық-ресейлік жұп 5:7, 6:4, 9:11 есебімен есе жіберді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сандуғаш Кенжебаеваның Қытайдағы турнирдің финалына шыққанын жазған едік. 

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер Испаниядағы жарыста үздік шықты.