АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, 16 жастағы Заңғар Нұрланұлы Аустралияның Мельбурн қаласында әлемнің 1-ракеткасы, Италия жұлдызы Янник Синнермен бірге жаттықты.
Қазіргі кезде жасөспірімдер арасында ITF рейтингісінде 40-орында тұрған Заңғар Нұрланұлы Я.Синнердің аустралиялық Алекс де Минормен ширек финалдағы ойынына дайындалуына жәрдемдесті.
Биыл жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатына қатысқан Заңғар жекелей сында екінші айналымға дейін жетті.
Сонымен қатар үндістандық Криш Тиаджимен бірге жұптық сында өнер көрсетіп, онда да бір ойынын жеңіспен аяқтады.
Бұл Заңғар Нұрланұлының «Үлкен дулыға» турниріне алғаш рет қатысуы еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Заңғар Нұрланұлының жұптық сындағы кездесуін сәтті өткізгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Әмір Омарханов ширек финалға сәл жетпей тоқтады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).