Қарағанды облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы қадағалау қызметі барысында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактілерін анықтады. Осы фактілер бойынша Қарағанды облысының арнайы прокурорлары сотқа дейінгі тергеу жүргізді.
Белгілі болғандай, облыста кәсіпорындардың бірі төрт жыл бойы темір рудасын лицензиясыз заңсыз өндіріп, оны шетелге шығарғаны анықталды. Нәтижесінде мемлекетке 2 млрд теңгеден астам шығын келтірілген. Үш күдікті қамауға алынып, 360 млн теңгеден астам мүлікке тыйым салынды. Аталған қылмыстық іс бойынша прокуратура органдары мемлекеттік айыптауды қолдады.
— Қарағанды облысының Шет аудандық сотының қарауының нәтижесінде үш сотталушы жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімдерге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, жыл басында Қарағандыда заңсыз темір рудасын өндірген кәсіпорын әшкереленгені анықталды.
Бұған дейін ШҚО-да заңсыз алтын өндірген топтан 40 мың доллар мен алтын тәркіленгенін жазғанбыз.