Таңертеңгі сауда қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнайдың қаңтар айындағы фьючерстері барреліне 92,50 долларға жетті. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 0,52 долларға немесе 0,57% жоғары.
Ал WTI маркалы мұнайдың бағасы барреліне 82,93 доллар болды. Оның құны 0,49 долларға немесе 0,59%-ға өсті.
Дегенмен екі маркалы мұнай да аптаны бағасының төмендеуімен аяқтап жатыр.
Ресейлік Urals маркалы мұнайдың бағасы да өсіп, барреліне 71,76 долларға жетті. Бұл 0,69 долларға немесе 0,97%-ға артық.
Мұнай бағасының өсуіне Сауд Арабиясының астанасына жасалған шабуылдар туралы хабарлар, сондай-ақ Ормуз бұғазындағы танкерлерге қатысты жағдай әсер етіп отыр. Бұған дейін Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының әскери-теңіз күштері екі мұнай танкері теңіз минасына жарылып, өртке оранғанын хабарлаған еді.
19 қарашада Эр-Рияд қаласында хуситтердің зымыран соққысы болуы мүмкін деген болжам айтылып, соның салдарынан Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қорының штаб-пәтері орналасқан PIF Tower зәулім ғимараты зақымданған.
Бұдан бөлек, шамамен екі айлық үзілістен кейін Иран Парсы шығанағындағы шабуылдарын күшейтіп, Кувейттегі АҚШ әскери әуе базасы мен Бахрейндегі нысандарға соққы жасады. Бұл оқиғалар АҚШ әскери ұшағының сейсенбі күні Ормуз бұғазындағы Кешм аралында орналасқан Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының зымыран базасына жасаған шабуылынан кейін болды.