200 мың теңге дауы адам өлімімен аяқталды: Рудныйдағы оқиғаға қатысты үкім шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысының Рудный қаласында 19 жастағы жігіттің өліміне қатысты сот үкімі шықты. Айыпталушылардың бірі тоғыз жылға бас бостандығынан айырылса, кәмелетке толмаған екіншісі қылмыс туралы хабарламағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты

Қылмыстық істі Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен қарады.

Сот анықтағандай, қайғылы оқиға 2026 жылғы 23 қаңтарға қараған түні Рудный қаласындағы Павел Корчагин көшесінде орналасқан үйлердің бірінің кіреберісінде болған.

Оған дейін туындаған жанжалға жәбірленушінің 200 мың теңгені қайтаруды талап етуі себеп болған. Жанжал кезінде айыпталушы жас жігітке бірнеше рет пышақ сұғып алған. Алған жарақаттарынан 19 жастағы жігіт оқиға орнында көз жұмған.

Осы кезде екінші, кәмелетке толмаған айыпталушы бір қабат төменде болған. Ол кісі өлтіру қылмысы жасалғанын біле тұра, құқық қорғау органдарына хабар бермеген.

Оқиғадан кейін екеуі де қылмыс орнынан кетіп, Көкшетау қаласына жасырынған.

Бастапқыда А. есімді айыпталушыға адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы кісі өлтірді деген айып тағылса, кәмелетке толмаған Б. қылмысқа көмектесті деп айыпталған.

Алайда сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы олардың әрекетін тиісінше қасақана кісі өлтіру және қылмыс туралы хабарламау баптары бойынша қайта саралауды сұрады. Ал жәбірленуші тарап екеуін де адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы кісі өлтіргені үшін кінәлі деп тануды талап етті.

Дауыс беру қорытындысы бойынша алқабилер А. есімді айыпталушыны қасақана кісі өлтіргені үшін, ал кәмелетке толмаған Б.-ны аса ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін кінәлі деп таныды.

Жаза тағайындау кезінде сот негізгі айыпталушының кінәсін мойындағанын, сондай-ақ жанжалға себеп болған жәбірленушінің құқыққа қайшы әрекетін ескерді. Екінші айыпталушыға қатысты оның кәмелетке толмағаны және қылмысты алғаш рет жасағаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды.

Нәтижесінде сот мынадай жаза тағайындады:

  • А. есімді айыпталушы орташа қауіпсіздік мекемесінде тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды.

  • Кәмелетке толмаған Б. кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде екі жыл сегіз айға сотталды.

Сонымен қатар кісі өлтіргені үшін сотталған адамнан марқұмның әкесі мен ағасының пайдасына моральдық зиян өтемақысы өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Шымкентте ер адамды ұрлау және өлтіру ісі бойынша алты адам сотталғанын жаздық.