2025 жылы Президент Әкімшілігіне 82,5 мың өтініш келіп түсті

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде азаматтардың талап-тілегін сапалы қарау үшін eOtinish жүйесінде толық цифрлық инфрақұрылым жасақталды. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі — Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің Telegram арнасында хабарлады. 

— Маңызды жұмыс бағыттарының бірі — «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру. 2025 жылы Президент Әкімшілігіне 82,5 мың өтініш келіп түсті. Бүгінде азаматтардың талап-тілегін сапалы қарау үшін eOtinish жүйесінде толық цифрлық инфрақұрылым жасақталды. Оған 50 мың ұйым және 320 мың қызметкер қосылды, — деп жазды Руслан Желдібай.

Оның айтуынша, елімізде өтініштерді қарау үдерісі ұдайы жетілдіріліп отырады.

— Жасанды интеллект элементтері енгізіліп, АҚШ, Оңтүстік Корея және Сингапур секілді озық елдердің цифрлық үкімет тәжірибесі зерделеніп жатыр. Диалог офлайн-форматта да жүреді. Өңірлерде азаматтардан өтініш қабылдайтын 150-ден астам орталық жұмыс істейді. Биыл 360 мыңнан аса адамға тиісті көмек көрсетілді, — деп түйіндеді ҚР Президентінің көмекшісі — Баспасөз хатшысы.

Фото: Telegram / Ruslan Zheldibay

Осыған дейін 2025 жылы Президент 186 халықаралық кездесу өткізгенін жаздық.

Сонымен қатар бір жыл ішінде Мемлекет басшысы 23 рет шетелге шыққаны анықталды.