Осыған байланысты техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін алдын ала жаңғырту қажеттілігі артып отыр.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, 2030 жылға қарай Қазақстан халқы 10%-ға өсіп, 21,6 млн адамға, 15-28 жастағы жастар саны 29%-ға артып, 4,6 млн адамға жетеді.
– Колледж жасындағы 15-18 жастағы контингент 34%-ға өсіп, 1,1 млн-нан 1,5 млн адамға дейін көбейеді. Осы кезеңде еңбек нарығының жыл сайынғы қажеттілігі 225-256 мың адамды құрайды, – деді министр Үкімет отырысында.
Сұранысы жоғары мамандықтардың 70%-дан астамы Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне тиесілі.
– 2035 жылға қарай 1,8 млн астам жұмысшы маманға сұраныс болады. Оның ішінде өнеркәсіпке – 183 мың, құрылысқа – 102 мың, ауыл шаруашылығына – 73 мың, IT саласына – 12 мың маман қажет. Кадр тапшылығы әсіресе құрылыс пен ауыл шаруашылығында байқалады, – деді министр.
Құрылыс саласында 102 мың маманға қажеттілік бар, ал осы бағытта 22,4 мың студент оқиды, яғни сұраныс – 4,5 есе жоғары.
– Ауыл шаруашылығында 73 мың маман қажет болса, білім алушылар саны 12,7 мың, бұл сұраныстан 5,7 есе аз. Аталған алшақтық мемлекеттік тапсырысты өңірлер мен салалардың кадрлық қажеттілігіне сәйкес қайта бөлуді талап етеді, – деді Ж. Сүлейменова.
Бұған дейін Ж. Сүлейменова Қазақстан колледждерінен 32 мамандық алынып тасталуы мүмкін екенін айтқан еді.
Олардың орнына 20 жаңа мамандық пайда болады.