30 мыңға жуық шетелдік Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алған

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан азаматтығын алу үшін барлық шетелдіктің ел аумағында бес жыл тұруы міндетті емес. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бірқатар санаттағы адамдар азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен рәсімдей алады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Kazinform агенттігіне берген жауабында жазды.

Фото: Polisia.kz.

Азаматтық алудың мұндай тәртібі ең алдымен Қазақстанмен тарихи, этникалық немесе отбасылық байланысы бар адамдарға қарастырылған.

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңның 16-1-бабына сәйкес, жеңілдетілген рәсімге:

• қандастар,

• жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтары,

• Қазақстанда ЖОО-да білім алып жүрген этникалық қазақтар,

• Қазақстан азаматымен некеде тұрған шетелдіктер немесе Қазақстан азаматтарының жесірлері,

• Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан арасындағы мемлекетаралық келісімдерге сәйкес, осы елдердің азаматтары құқылы.

Бұл ретте ҚР ІІМ шетелдіктердің Қазақстан мәдениетін насихаттау, сондай-ақ мемлекеттік наградаларға, алғыс хаттар немесе сыйлықтарға ие болу азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алуға негіз болмайтынын атап өтті.

– 2025-2026 жылдары Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен 29,8 мың шетел азаматы алды. Оның ішінде 24,8 мыңы – этникалық қазақтар. Атап айтқанда, 2025 жылы – 20,6 мың, ал 2026 жылы 9,2 мың адам азаматтыққа қабылданған, – деп жазылған ҚР ІІМ агенттікке берген жауабында.

Ведомствоның хабарлауынша, азаматтық алуға өтініш берушінің Қазақстанда тұрақты тұру мерзімі тұрақты тұруға рұқсат берілген күннен бастап есептеледі. Бұл мәліметтер Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері арқылы тексеріледі.

Сондай-ақ министрлік Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы шешімдерді қайта қарау мәселесіне түсініктеме берді. Заңға сәйкес, азаматтыққа қабылдау туралы шешімді Президент қабылдайды. Сондықтан мұндай шешімді қайта қарау да Мемлекет басшысының құзыретіне жатады.

Айта кетейік, соңғы 8 жылда Қазақстан азаматтығынан шығуға өтініш бергендер саны 40 есеге жуық азайған.

Абай облысында төрт шетел азаматы Қазақстан азаматтығын алды.