72 сағат: Путин жариялаған Жеңістің 80 жылдығына арналған бітім күшіне енді
АСТАНА. KAZINFORM — Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына орай Ресей президенті Владимир Путин жариялаған бітім кезінде Ресей барлық әскери әрекетті тоқтатады, деп хабарлайды ТАСС.
Бітімгершілік келісімі Мәскеу уақытымен 8 мамыр сағат 00:00-ден 11 мамыр сағат 00:00-ге дейін – жалпы 72 сағат бойы күшінде болады.
Путин сәуір айының соңында бітімгершілік туралы мәлімдеген болатын. 3 мамырда Владимир Зеленский бұл ұсынысты жария түрде қабылдамады.
Ресей тарапынан Ресей Қарулы Күштері Украина бітімгершілік келісімді бұзған жағдайда шабуылдарды тойтаруға дайын болуы керек екені атап өтілді.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің мамыр айындағы бітімге қатысты ұстанымы белгілі екенін және қазіргі уақытта бұл мәселеге қатысты жаңа нұсқаулар жоқ екенін айтты.
Бұған дейін Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Путиннің атысты уақытша тоқтату туралы ұсынысы Ресейдің келіссөздерге деген ұмтылысы деп мәлімдеді.
Сонымен қатар Владимир Путин Пасха мейрамына байланысты уақытша бітімге келетінін жариялаған еді.