AAIFF-2026 жеңімпазы ЖИ саласындағы Қазақстанның жетістігін айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Astana AI Film Festival жеңімпаздарының бірі италиялық автор Якопо Реале өзінің жетістік жолы жайында айтып берді.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Атап айтқанда, ол «The Fracture» триллеріндегі режиссерлік жұмысы үшін «Үздік режиссура» (Best Direction) номинациясының иегері атанды. Жасанды интеллект туындысында ол Animatics, Nano Banana 4i, Kling 3 сияқты жүйелерді қолданыпты.

— Италияда екі досыммен бірге ЖИ арқылы фильм дайындайтын компания құрдық. Өзім 15 жылдан астам уақыт фильм монтажері болып жұмыс істегенмін. Қазір өзіме ұнайтын тақырыптармен айналысып, жасанды интеллектіні қолданып жүрмін, — деді Якопо Реале.

Сонымен қатар осы бағытта алтыншы фильмін жарыққа шығарғанын айтты. Байқауға ұсынылған фильмінде адам өміріндегі күрделі өзгерістер баяндалған. Онда қалыпты жағдайдың бақылаудан шығып кетуінің салдары көрсетілген. 

— Жалпы, бұл фестивальден өте керемет әсер алдым. Қазақстанда мұндай марапат алғаныма өте қуаныштымын. Өйткені Астана мен жалпы Қазақстанда бұл технологияның қаншалықты маңызды екенін басқа елдерге қарағанда өте жақсы түсініп отыр. Сіздер бұл салаға инвестиция салып, жаңа бағыт қалыптастырып жатырсыздар, — деді режиссер.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалін ашқан еді.

Байқауға әлемнің 125 елінен 8 067 өтініш түсіп, ол жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдер арасындағы ең ірі халықаралық байқаулардың біріне айналды. 

Жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдер фестивалі 1-3 қазан аралығында өтті. 3 қазанда марапаттау рәсімі өтіп, әлемнің әр түкпірінен келген авторлар мен режиссерлер арасындағы халықаралық байқаудың жеңімпаздары анықталды.