АСТАНА. KAZINFORM – Таиландтың Чиангмай қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық спортшы Абылайхан Жүсіпов финалдық жекпе-жегін өткізді.
Осыған дейін әлем біріншілігінде үш рет қола, Азияда күміс алған А.Жүсіпов 71 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Хавасбек Асадуллаевқа қарсы келді.
Бірінші раундта бес төрешінің төртеуі Абылайхан басым деп көрсетті – 4:1. Алайда екінші және үшінші раундта таразы басы Х.Асадуллаевқа ауды. Қорытынды есеп – 4:1, өзбек спортшысының пайдасында.
Осылайша, А.Жүсіпов Азия чемпионатында екінші рет күміс алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Санжар Тәшкенбайдың бокстан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанғанын жазған едік. Сондай-ақ Махмұд Сабырхан алғаш рет бокстан Азия чемпионатында топ жарды. Оразбек Асылқұлов бокстан Азия чемпионатында күміс алды. Дулат Бекбауов Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).