ӘЧ-2026: Франция Швецияны ойсырата жеңіп, чемпионаттың 1/8 финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Франция құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында Швецияны 3:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды, деп хабарлайды FIFA .

Фото: fifa.com

Кездесу АҚШ-тың Нью-Йорк–Нью-Джерси стадионында өтті. Француз құрамасы матч бойы басымдық танытып, үш жауапсыз гол соқты.

Есеп бірінші таймның аяқталуына аз уақыт қалғанда ашылды. Килиан Мбаппе 45 1-минутта қарсылас қақпасын дәл көздеп, Францияны алға шығарды.

Екінші таймда Дидье Дешам шәкірттері басымдығын еселей түсті. 53-минутта Брэдли Баркола Майкл Олизенің нәтижелі пасынан кейін есепті 2:0-ге жеткізді. Ал 74-минутта Мбаппе дубль авторы атанып, матчтың қорытынды нәтижесін белгіледі – 3:0.

Осылайша Франция құрамасы әлем чемпионатының 1/8 финалына шықты. Келесі кезеңде олар Германияны пенальти сериясында жеңген Парагвай құрамасымен кездеседі.

Associated Press мәліметінше, Мбаппе бұл ойында әлем чемпионаттарындағы 17 және 18-голдарын соғып, турнир тарихындағы үздік сұрмергендер тізімінде Лионель Мессиден бір гол ғана қалып келеді. Сонымен қатар ол биылғы әлем чемпионатындағы «Алтын бутса» бәсекесінде де Мессимен теңесті.

Айта кетейік, бұған дейін Парагвай құрамасы 1/16 финалда Германияны пенальти сериясында жеңіп, сенсациялық нәтижеге қол жеткізгені хабарланды.

Сондай-ақ Эрлинг Холандтың голы Норвегияны 1/8 финалға алып шықты.