«Адал азамат» бағдарламасының балаларға ықпалы ғылыми тұрғыда зерттеледі

АСТАНА. KAZINFORM- Оқу-ағарту министрлігінің ғылыми қоғамдастығы «Адал азамат» бағдарламасының балалардың құндылықтары мен мінез-құлқына ықпалын зерттеу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлейді. Бұл мәселе Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың министрлік пен оған ведомстволық бағынысты ұйымдардың ғылыми қоғамдастық өкілдерімен кездесуінде талқыланды.

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ашық пікір алмасу форматында өткен кездесуде бағдарламаның балаларға ықпалын зерттеу әдістері және зерттеуге еліміздің барлық өңіріндегі білім беру ұйымдарын қамту мәселелері қарастырылды.

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ оқулықтардың сапасын арттыру, оларды әзірлеу, сараптау және мектептерде апробациядан өткізу үдерістерін жетілдіру жолдары талқыланды.

Кездесуде балалар арасындағы буллингтің алдын алу және оған дер кезінде әрекет ету мәселелері де қозғалды. Қатысушылар педагогтер, психологтер мен ата-аналардың бірлескен жұмысын тиімді ұйымдастыруға қатысты зерттеу ұсыныстарын ортаға салды.

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Кездесу қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрлігінің ғылыми қоғамдастығы талқыланған мәселелерді ғылыми тұрғыда зерттеу жөнінде ұсынымдар әзірлейді. Бұл ұсыныстар алдағы кездесулерде талқыланып, министрлік шешімдерінде ғылыми негізделген әдіс-тәсілдерді қолдану мүмкіндіктері қарастырылады.

Осыған дейін ҚР Вице-Президенті Ерлан Қарин «Адал азамат» бағдарламасының мазмұнына өзгерістер енгізіліп жатқанын айтқан еді.