Адам саудасының құрбаны болған 15 адамға көмек көрсетілді — ҚР ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда адам саудасына қарсы 2027-2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Самат Құсетов айтып берді.

Фото: ОКҚ

— Сонымен бірге, Халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен адам саудасының құрбандарын анықтау және оларға қажетті көмек көрсету үшін тиісті ұйымдарға жолдау жөніндегі стандартты операциялық рәсімдер әзірленді. Ал ЕҚЫҰ кеңсесінің қолдауымен адам саудасының белгілері мен осы мәселе туралы ақпараттық материалдар дайындалды, — деді С. Құсетов ОКҚ-да өткен дөңгелек үстелде.

ЕҚЫҰ кеңсесінің қолдауымен ТМД, Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдеріндегі Қазақстанның консулдықтары мен елшіліктері қызметкерлеріне, сондай-ақ қалалық адвокаттар алқаларының адвокаттарына арналған онлайн-тренингтер ұйымдастырылды.

Бас прокуратура мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесіп, ауылдық жерлерде еңбек қанауына жол бермеу және мәжбүрлі еңбек фактілерін анықтау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді.

Адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау үшін полиция мен әлеуметтік қызметтер арасындағы өзара іс-қимыл қамтамасыз етіледі.

— Жалпы, қайта бағыттау тетігі аясында адам саудасының 15 құрбанына көмек көрсетілді. Оның ішінде 11 адамға адвокаттардың құқықтық кеңесі берілсе, 3 жәбірленушіге арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынылды, ал 1 бала бөбектер үйіне орналастырылды. 29 жәбірленуші мемлекеттік қорғауға алынды, — деді спикер.

Айта кетейік, 30 шілде — Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні. Биылғы іс-шаралар «Алаяқтық тұзағында» ұранымен өтеді. Бұл интернет-алаяқтыққа мәжбүрлеу сияқты адам саудасының жаңа түрлеріне назар аударуға бағытталған.