Бүгін сот отырысында алдымен Серік Шумаевтан жауап алынды.
— Мен Ішкі істер органдарында 1999 жылдан бері 27 жыл жұмыс істеп келдім. Әкімшілік полиция басқармасының басшысы лауазымына дейін жеттім. Менің қызметтік міндетіме патрульдік полицияның жұмысын ұйымдастыру кіреді. Әл-Фараби даңғылында жол апаты 20 наурыздан 21 наурызға қараған түні болды. Ол туралы маған кезекші инспектор хабарлады. Сағат 4 шамасында оқиға орнына барып, мән-жайымен таныстым. Одан кейін үйге қайтып кеттім. Бірнеше күннен кейін Әділетхан Молдахан жариялаған бейнежазба тарай бастады. Онда айтылғанның барлығы маған қатысы жоқ және орынсыз деп санаймын, — деді ол.
Сондай-ақ ол ауқатты адамдардың балаларына қорған болғаны туралы ақпарат жалған екенін айтты.
— Ешқандай «золотая молодежді» қалқалап жүрмедім. Бізде Ішкі қауіпсіздік қызметі бар. Егер менің тарапымнан заңбұзушылық болғанда осы уақытқа дейін жауапкершілікке тартылатын едім, — деді Серік Шумаев.
Жәбірленші Әділетхан Молдаханды жеке танымайтынын, тек блогер ретінде білгенін атап өтті. Сондай-ақ ол адвокаттардың сұрағына жауап беріп, екінші жәбірленуші Ержан Ұзабаевқа қатысты айтылған ақпараттың да шындыққа жанаспайтынын айтты.
«Сізге нақты қандай нұқсан келді» деген сұраққа жауап берген Серік Шумаев бұл оқиға төңірегінде туындаған резонанстан кейін жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын айтып, қазір жұмыссыз отырғанын мәлімдеді.
Еске салайық, Әділетхан Молдаханға ҚР Қылмыстық Кодексi 274-бабы 2-тармағы 3-бөлігі бойынша (көрінеу жалған ақпарат тарату) айып тағылды. Іс бойынша жәбірленуші ретінде Алматы қаласы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев және Алматы қаласы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев танылды.
Бүгінгі сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыған болатын.
Өткен сот отырысында жәбірленуші Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдірайымов моральдық шығын ретінде 10 млн теңге және сот шығындарына 1 млн теңге азаматтық талап-арыз қойған еді.
Бұған дейін Алматыда 1 миллионнан астам оқырманы бар блогер Әділетхан Молдахан ұсталғанын жазғанбыз. Ол әлеуметтік желіде құқықтық саладағы бейнежазбаларымен танымал. Әсіресе, оның Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты жайлы жариялаған бейнежазбалары желіде кеңінен тарады.