Алтын кенішін жағалай орналасқан Майқайың кентінде орталықтандырылған ауызсуды тұтынатын 2500 жеке абонент бар.
Бұл туралы «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры Қуаныш Ботин хабарлады.
– Майқайың кенті бойынша шамамен 2500-дей жеке тұтынушы бар. Ал кент ішіндегі су құбырлары біздің кәсіпорынға сенімгерлік басқаруға берілген. Екібастұз су арнасынан Майқайыңға дейін жүргізілген үлкен құбыры «Богатырь-Көмір» кәсіпорнын басып, одан соң Майқайыңға келеді. «Богатыр-Көмір» кенішінен бері қарай 30 км. Ал ақаудың өзі «Богатыр-Көмір» кенішінің ар жағында, су арнасынан 27 шақырым жерде орын алған, - дейді А.Ботин.
Белгілі болғандай, ақау шыққан диаметрі 1020 мм-лік су құбыры «Екібастұз қалалық су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына тиесілі.
Еске сала кетейік, Екібастұздан Майқайың кентіне ауызсу жеткізетін үлкен құбыр жарылды.
Майқайың кентінің тұрғындары күніне 1 мың текше метр ауызсу тұтынып келген. Қазір қысымның төмендеуіне байланысты «Майқайыңалтын» АҚ су таситын машиналарды жұмылдырды.
Бүгінде Майқайың кентінде 10 мыңға жуық халық тұрады.
Құбырдағы ақауға байланысты «Богатырь-Көмір» кәсіпорнына су беру уақытша тоқтатылды .