Әке жолын жалғаған орманшы: Табиғатты қорғап, аялауымыз керек

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Орманды қорғау, табиғи байлықты сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу - күнделікті табандылықты талап ететін жауапты жұмыс. Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауданында еңбек ететін Айбек Қосаев осы міндетті кәсіби парызы санайды. Ол он жылдан бері орман шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді. Оның бұл мамандықты таңдауына отбасындағы тәрбиенің де ықпалы зор.

Фото: Айбек Қосаевтың жеке мұрағатынан

Әке өнегесімен қалыптасқан таңдау

Айбек Қосаев үшін орман шаруашылығы - жай ғана жұмыс орны емес. Бұл - әкесі Құдайберген Қосаевтың өмірін арнаған, отбасының бірнеше мүшесі таңдаған сала. Әкесі де саналы ғұмырының басым бөлігін орманды қорғауға арнап, осы бағытта басшылық қызметтерге дейін көтерілген.

Фото: Айбек Қосаевтың жеке мұрағатынан

Құдайберген Қосаевтың орман шаруашылығындағы еңбек жолы 1979 жылы Катонқарағай механикаландырылған орман шаруашылығынан басталған. Кейін Большенарым орман шаруашылығына бас орманшы болып ауысып, түрлі қызмет атқарды. Мекеме басшысы болған кезеңде де орманды қорғау мен қалпына келтіру ісіне басымдық берді. Ол 2020 жылы өмірден өтті.

Әке еңбегі мен ұстанымы балаларының өмір жолына әсер етпей қоймады. Бүгінде Құдайберген Қосаевтың ұлдары Ерлан мен Айбек орман шаруашылығы саласында еңбек етіп жүр. Кенже ұлы Әлібек Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығында ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.

Осылайша, Қосаевтар отбасының орман шаруашылығындағы ортақ еңбек өтілі 86 жылға жеткен. Бұл - бір әулеттің ғана тарихы емес, табиғатты қорғау ісіне бірнеше ұрпақтың атсалысып келе жатқанының көрінісі.

Орманшы еңбегі - табиғат алдындағы жауапкершілік

Фото: Айбек Қосаевтың жеке мұрағатынан

Үлкен Нарын орман шаруашылығында он жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Айбек Қосаев саланың бүгінгі тынысын жақсы біледі.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары орманшылардың жұмыс жағдайына көңіл бөлініп, материалдық-техникалық база жаңарып келеді. Жаңа техникалардың алынуы мамандарға өз міндеттерін тиімді орындауға мүмкіндік береді.

- Қазір біздің мамандыққа көбірек көңіл бөлініп келе жатқанын байқаймыз. Жаңа техникалар алынып жатыр, жалақы да өсті. Ең бастысы, табиғатты, орманды қорғап, аялауымыз керек. Биыл өрт қаупі туындаған жағдайларда құрғақ шөп тұтанса, оны дер кезінде ауыздықтап отырдық, - дейді кейіпкеріміз.

Орманшының жұмысы сырт көзге тыныш көрінгенімен, оның артында күнделікті бақылау, сақтық пен жедел әрекет ету қажеттілігі тұр. Әсіресе өрт қаупі күшейетін тұста орман аумағын қорғау мамандардан жоғары жауапкершілікті талап етеді. Табиғи байлықты сақтау тек бір мекеменің міндеті емес, оған әр азаматтың ұқыптылығы қажет.

 

Айбек Қосаевты қуантатын жайттың бірі - жастардың осы салаға қызығушылығының артуы.

- Соңғы кезде орманшы болғысы келетін жастардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Бұл мамандыққа қызығатындар әлі де көп болса деймін. Орманшылар ешқашан артық болмайды, - дейді ол.

Кітапқа құштар әке, еңбекке баулыған отбасы

Фото: Айбек Қосаевтың жеке мұрағатынан

Құдайберген Қосаевтың табиғатқа деген сүйіспеншілігі кәсіби қызметімен ғана шектелмеген. Ол бос уақытында кітап оқуды ұнатқан. Әсіресе тарихи романдарды, жануарлар мен табиғат туралы шығармаларды көп оқып, білгенін балаларына әңгімелеп беретін.

Әкенің осы әдеті отбасы мүшелерінің арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, балалардың дүниетанымының қалыптасуына да ықпал еткен. Оның өмірлік ұстанымы сөзбен емес, күнделікті еңбегімен көрініс тапты.

Отанасы Нұргузайын Көшкенбайқызы өмір бойы мұғалім болып еңбек еткен. Балаларының мамандық таңдауына түсіністікпен қарап, олардың әке жолын жалғастырғанына ризашылығын білдіреді. Қызы Рауан да анасының жолын қуып, мұғалімдік мамандықты таңдаған.

Фото: Айбек Қосаевтың жеке мұрағатынан

Қосаевтар әулетінің еңбегі түрлі байқауларда да бағаланған. Өткен жылы отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз атанса, биыл «Еңбек жолы» облыстық байқауында үшінші орын иеленді.

Бір әулеттің бірнеше мүшесін біріктірген ортақ мамандық олардың өмірлік ұстанымына айналған. Айбек Қосаев үшін де әке жолын жалғастыру - отбасылық дәстүрді сақтау ғана емес, өзі еңбек етіп жүрген өңірдің табиғи байлығына жауапкершілікпен қарау. Орманды қорғауға бағытталған күнделікті еңбегі арқылы ол осы міндеттің маңызын терең түсінеді.

Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-да тазы баптап, арқан тартып, қыш құмыра жасайтын ауыл тұрғынынан сұхбат алғанбыз.