Ұлттық музейдің Facebook парақшасында жазылғандай, Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен аталған өңірде рухани құндылықтарды зерттеуге арналған жоба іске асып жатыр.
«Жоба аясында Жарқайың ауданының Шойындыкөл ауылы маңынан б.з.д II-III ғ. жататын «құрбандық тасы» табылды. Құрбандық тасы дөңгелек пішінді, жоғарғы жағы жалпақтау, ал қырына қошқар мүйізі өрнектеліп салынған. Оны көшпелілердің діни ғұрыптарының бірі – «тазалау» жоралғысын орындауға қолданған зат деген жорамал бар», - деп жазылған ұлттық музейдің желідегі парақшасында.
Сондай-ақ, хабарламада Құрбан айт қарсаңында табылған жәдігердің құнды әрі маңызды екені айтылған.
Еске салсак, бұған дейін Ақмола облысында кейінгі қола дәуірінің жәдігерлері – әшекей бұйымдар мен қыш ыдыстардың қалдықтары табылғанын хабарлаған едік.