АҚШ Қытайға жөнелтетін NVIDIA H200 тауарлары деректерінің ашықтығын талап етті

Фото: SCMP

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ заң шығарушылары Сауда министрлігінен Қытайға жасанды интеллект жүйелеріне арналған жоғары өнімді NVIDIA H200 чиптерін ықтимал жеткізуге берілген лицензиялар туралы ақпаратты нақтылауды талап етті, деп хабарлайды SCMP.

Сенатор Элизабет Уоррен мен конгрессмен Грегори Микс АҚШ Сауда министрлігіне лицензиялар жөніндегі ақпаратты жария ету туралы өтінішпен жүгінді. Хатта олар қытайлық компаниялардың лицензия алуға берген барлық өтінімдері туралы мәлімет сұрап, сондай-ақ әрбір мақұлданған рұқсат туралы Конгресті оның берілген сәтінен бастап 48 сағат ішінде хабардар етіп отыруды талап етті.

Бұл үндеуге АҚШ президенті Дональд Трамптың NVIDIA H200 чиптерін Қытайға жеткізуге рұқсат беру ниеті туралы мәлімдемесі себеп болған.

Трамптың айтуынша, АҚШ үкіметі мұндай жеткізілімдер үшін 25 пайыздық комиссия алмақ, ал чиптерді экспорттау Қытайдың жартылай өткізгіш саласымен бәсекелестік жағдайында америкалық өндірушілердің позициясын нығайтуға ықпал етуі тиіс.

Бұған дейін Трамп NVIDIA компаниясы Қытайдағы бекітілген клиенттерге H200 чиптерін жеткізе алатынын да мәлімдеген еді.

Бұл шешім АҚШ әкімшілігі ішінде бірнеше аптаға созылған талқылаулардан кейін қабылданған және Вашингтонда АҚШ президентінің NVIDIA компаниясының бас директоры Дженсен Хуангпен экспорттық бақылау мәселелері қаралған кездесуінен соң жария етілді.

Еске салайық, Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбаларының бірінде Трамп АҚШ-тың NVIDIA өнімдерін ұлттық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жеткізуге рұқсат беру жоспары туралы Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинді хабардар еткенін айтып, қытай тарапы бұл ақпаратты оң қабылдағанын атап өткен.

Бұған дейін NVIDIA алғаш рет 5 триллион долларлық компания атанғаны хабарланған.