АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қызметінен кететіні туралы қауесетті жоққа шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Дональд Трамп әкімшілігінен кетіп, 2028 жылғы президент сайлауына түсуі мүмкін деген БАҚ хабарламаларын жоққа шығарды, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі New York Post басылымына сілтеме жасап.

Фото: hngn.com

— Шыны керек, бұл қауесеттің қайдан шыққанын білмеймін. Маған жұмысым ұнайды, — деп мәлімдеді Рубио. 

Ол Трамппен екінші мерзімінің соңына дейін жұмыс істеуді жоспарлап отырғанын және қазіргі қызметіне қанағаттанатынын жеткізді.

Ақ үй мен Мемлекеттік департаменттің лауазымды тұлғалары да Рубионың отставкаға кетуі туралы қауесеттерді жоққа шығарды.

Bloomberg News Рубионың Ақ үйдің лауазымды тұлғаларымен отставкаға кету мүмкіндігін талқылағанын және кеңесшілерімен бірге ықтимал нұсқаларды қарастырып жатқанын хабарлаған болатын.

Республикалық партиядағы дереккөздер мен Ұлыбритания үкіметінің өкілдері The Independent басылымына Рубионы Трамптан кейінгі АҚШ президенттігіне жетекші кандидат деп санайтынын және Мемлекеттік хатшының «Ирандағы соғыстан бойын аулақ ұстау» үшін отставкаға кетуін күтетінін айтқан. 

Бұған дейін 2028 жылғы сайлауда республикашылдар президенттікке кандидат ретінде ұсынуы мүмкін қазіргі АҚШ вице-президенті Дж.Д.Вэнс Республика партиясының аралық сайлаудағы жеңілісіне соғыс себеп болды деген еді.

Сондай-ақ, АҚШ Өкілдер палатасы келесі аптада Қорғаныс министрі Пит Хегсетке импичмент жариялауды дауысқа салуы мүмкіндігі хабарланған.