АҚШ пен Дания Гренландияға қатысты ортақ келісімге келді – Трамп

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ, Дания және Гренландия Вашингтонның аралдағы әскери мүмкіндіктерін едәуір арттыруға және АҚШ қарсыластарының онда әскери база салуына жол бермеуге қатысты келісімге келді, деп хабарлайды Reuters . Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желі арқылы мәлімдеген.

Фото: Рolarpedia.eu

Трамп Truth Social желісіндегі жазбасында АҚШ-тың рұқсатынсыз аралда америкалық қарсылас елдердің стратегиялық маңызы бар инвестиция жасай алмайтынын және келісімнің қолданылу мерзімі шектелмейтінін айтты.

– Біз Дания және Гренландия өкілдерімен бірге АҚШ-тың Гренландия мен Америка Құрама Штаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аралда қажетті шаралардың барлығын жүзеге асыру мүмкіндігін мәңгілікке сақтап қалуын қамтамасыз еттік, – деп жазды ол.

Бұған дейін Reuters АҚШ пен Гренландия аралдағы америкалық әскери қатысуды кеңейтуге мүмкіндік беретін келісімге жақындағанын хабарлаған. Бұл Трамптың Гренландияны АҚШ құрамына қосу туралы жоспарын жүзеге асырудан әлдеқайда алыс қадам.

Трамп келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын білдіріп, АҚШ жақын арада аралдағы әскери қатысуын кеңейтетінін айтты. Қазір Гренландияның солтүстік-батысында АҚШ Ғарыш күштерінің бір базасы бар.

Дания премьер-министрінің кеңсесі келісім Солтүстік Атлантика мен Арктикадағы қауіпсіздікті күшейтетінін мәлімдеді.

Рубио: келісім қауіпсіздік мәселелерін шешеді

Келісімнің нақты қандай жаңа әскери нысандарды қамтитыны әзірге белгісіз. АҚШ 1951 жылғы келісім негізінде Гренландияның әуе кеңістігін пайдалану және онда әскери нысандар орналастыру құқығына ие.

Данияның автономиялық аумағы саналатын Гренландияда келісімнің қалай қабылданатыны да белгісіз. Арал тұрғындары тәуелсіздікке ұмтылады және АҚШ-тың ықпалын күшейту әрекеттеріне наразылық білдіріп келеді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келісім Вашингтонның аралға қатысты ұлттық қауіпсіздік мәселелерін «түпкілікті және толық» шешетінін айтты.

Мемлекеттік департамент өкілінің сөзінше, келісім НАТО-ға кірмейтін елдердің Гренландияда әскери база салуына тыйым салады. АҚШ пен оның одақтастарына стратегиялық маңызы бар инвестицияларға рұқсат беріледі.

Сондай-ақ келісім АҚШ-қа Гренландияға тұрақты түрде кіру, онда әскери база орналастыру және әуе кеңістігін пайдалану құқықтарын береді. Бұл ережелер Гренландия тәуелсіздік алған жағдайда да күшінде қалады.

Айта кетейік, бұның алдында Трамп АҚШ Гренландияны бақылауға алуы тиіс екенін тағы мәлімдеген-ді

Ал жуырда ғана Дания премьер-министрі Метте Фредериксен Арктика мен Гренландияға қатысты мәселелер бойынша Дания мен АҚШ бейбіт ынтымақтастық арқылы ортақ шешімге келе алады деп үміт білдірген еді.