Телеарнаның мәліметінше, жоспарланған соққылардың АҚШ пен әлемдік экономикаға ықтимал әсеріне байланысты операцияны дүйсенбі күні қаржы нарықтары ашылғанға дейін аяқтау мәселесі талқыланған. Алайда оның нақты аяқталу мерзімі әлі бекітілмеген.
Бірнеше америкалық дереккөздің айтуынша, Израиль бұл жоспардан хабардар және АҚШ-пен іс-қимылды үйлестіріп отыр. Сонымен бірге АҚШ президенті Дональд Трамп соққы беру туралы түпкілікті бұйрыққа әлі қол қойған жоқ.
Егер бірлескен операция жүзеге асса, бұл АҚШ-тың арағайындығымен жасалған уақытша бітімнен кейін Израильдің әскери іс-қимылдарға қайта оралуын білдіреді. Иран шілденің басында келісім күшін жойып, АҚШ әскери операцияларды қайта бастағаннан бері Израиль аумағына соққы жасаған жоқ.
Алайда Израильдің бір жоғары лауазымды өкілі CBS News-ке Израильдің толық ауқымды әскери операцияларды қайта бастау туралы шешімнен хабарсыз екенін және Иранға қарсы қандай да бір әскери іс-қимылға қатысу туралы өтініш алмағанын айтты.
Дереккөздердің мәліметінше, әскери операция жоспары жұма күні Кэмп-Дэвидте өткен президент Трамптың министрлер кабинеті отырысында талқыланған. Ақ үйдің ішкі саясатқа жауапты кейбір кеңесшілері бұл жоспарға үзілді-кесілді қарсы болған.
Журналистердің қатысуымен өткен жиында Дональд Трамп:
– Біз оларға өте ауыр соққы жасаймыз. Бір сәтте олар «бұдан әрі шыдай алмаймыз» дейтін жағдайға жетеді, – деді.
Дипломатиялық келіссөздерді қайта жандандыру мүмкіндігі туралы сұраққа Трамп:
– Біз тек жеңіске жетуді қалаймыз, – деп жауап берді.
Екі дереккөздің айтуынша, ықтимал шабуылдың негізгі нысандары электр станциялары, мұнай өңдеу зауыттары және басқа да энергетикалық инфрақұрылым объектілері болуы мүмкін.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт CBS News-ке жолдаған мәлімдемесінде:
– Президент Трамп министрлер кабинеті отырысында айтқандай, Америка Құрама Штаттары жеңіске жетеді және оның президенттігі кезінде Иранның ядролық қаруға ие болуына жол берілмейді, – деді.
Пентагонның баспасөз хатшысы Шон Парнелл президент түпкілікті шешім қабылдағанға дейін ықтимал нысандарға қатысты түсініктеме берілмейтінін айтты.
– Қорғаныс министрлігі президенттің кез келген тапсырмасын бір сәтте орындауға толық дайын, – деді ол.
CBS News-ке пікір білдірген АҚШ-тың бұрынғы әскери шенеуніктерінің бірі энергетикалық инфрақұрылымға соққы жасаудың мақсаты Иран армиясының қызмет көрсету мүмкіндігін шектеп, мемлекеттік басқару жүйесіне қысым көрсету екенін айтты.
Израильдің жоғары лауазымды өкілінің айтуынша, осы аптада Вашингтонда өткен кездесуде премьер-министр Биньямин Нетаньяху президент Трампқа әскери іс-қимылдың үш ықтимал нұсқасын таныстырған. Оның бірі құрлықтағы әскери жабдықтау бағыттарына соққы беруді көздейді. Нетаньяху сондай-ақ АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсетпен де кездесті.
Америкалық шенеуніктің айтуынша, осы қақтығыс барысында АҚШ әскері әскери мақсатта да, азаматтық мақсатта да пайдаланылған бірнеше көпірге соққы жасаған.
Жұма күні АҚШ-та Тегеранды электр энергиясынан ажырату мүмкіндігі де жоғары деңгейде талқыланғанымен, түпкілікті шешім қабылданбаған.
Өткен аптада Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Ормуз бұғазындағы кез келген кеме шабуылына жауап ретінде Ирандағы көпір немесе электр станциясы бомбаланатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ ол өзіне Иран қастандық жасаса, тұтас елді жойып жіберетінін де мәлімдеген-ді.