— Президент Трамп бейсенбі күні Шығыс жағалауы уақытымен сағат 21:00–де халыққа үндеу жасайды. Назар аударғандарыңызға рақмет! — деп жазды Трамп дүйсенбі күні өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Бұл мәлімдеме АҚШ пен Иран арасындағы өзара соққылар алмасуы жалғасып жатқан тұста жасалды. Бұған дейін Трамп АҚШ-тың Иранға қатысты «теңіз блокадасын» қайта енгізетінін жариялап, Ормуз бұғазы арқылы тасымалданатын жүктерге 20 пайыздық баж салығын енгізуді ұсынған болатын. Оның айтуынша, мұндай алым АҚШ-тың осы стратегиялық маңызды су жолының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үшін алынбақ және бұл жоспарды іске асыру дереу басталады.
Өз кезегінде Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеран Ормуз бұғазының «қорғаушысы» болып қала беретінін айтты.
— 20 пайыз — әрине, тым көп. Біз әділ боламыз, — деді ол.
Еске салсақ, сәуір айында АҚШ пен Иран атысты тоқтату туралы келісімге келіп, кейін ақпан айының соңында басталған соғысты тоқтатуды, Ормуз бұғазын толық ашуды және Иран порттарына қойылған блокаданы алып тастауды көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді.
Сондай-ақ тараптар Иранның ядролық бағдарламасын қоса алғанда, шешілмеген мәселелер бойынша келіссөздер жүргізу үшін 60 күндік мерзімге келіскен болатын. Бұл мәселе АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларының негізгі себептерінің бірі ретінде аталып келеді.
Бүған дейін Трамп өзіне Иран қастандық жасаса, тұтас елді жойып жіберетінін мәлімдеді.