АҚШ шетелдік азаматтар үшін жұмыс істеуге рұқсат беру мерзімін қысқартты
АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ-та шетелдік азаматтардың белгілі бір санаттарына жұмыс істеуге рұқсат беру ережелерін қатаңдататын жаңа тәртіпті бекітті, деп хабарлайды Kazinform.
Азаматтық және иммиграциялық қызметінің (USCIS) сайтында жарияланған жаңа ережелерге сәйкес, АҚШ-та босқындар, баспана алғандар және
құқықтық қорғау алған басқа да иммигранттар үшін жұмыс істеуге рұқсат беру мерзімі қысқартылып жатыр.
Жаңартылған ережелер АҚШ-та баспана алуға немесе тұрақты тұруға өтініштері (грин-карталар) қаралып жатқан иммигранттарға да қолданылады.
Енді бұл санаттағы адамдарға жұмысқа рұқсаттар қазіргі бес жылдың орнына ең көбі 18 айға беріледі.
Жаңа саясат 5 желтоқсаннан кейін берілген жұмысқа рұқсат алуға өтініштерге, сондай-ақ сол күнге дейін қаралып жатқан өтініштерге қатысты болады.
USCIS өз мәлімдемесінде өткен аптада Вашингтонда Ұлттық гвардия қызметкерлеріне жасалған шабуылға сілтеме жасады. Агенттік бұл өзгеріс иммигранттар жұмыс рұқсаттарын ұзарту туралы өтініш берген кезде оларды жиірек тексеруге мүмкіндік береді деп мәлімдейді.
Еске сала кетсек, өткен аптада Ақ үйдің маңында АҚШ Ұлттық гвардиясының әскери қызметкерлеріне оқ атылған.
Кейінірек Трамп Ақ үй маңындағы атыс кезінде жараланған сарбаздың қаза тапқанын жеткізді.
АҚШ Ұлттық гвардиясының сарбазына оқ атқан күдіктінің жеке басы анықталды.
Сондай-ақ АҚШ-та 19 елден келген азаматтардың грин-карталары қайта тексерілетінін жаздық.