АҚШ Венесуэлаға гуманитарлық көмек жеткізу үшін санкцияларын тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — Вашингтон сәрсенбі күні болған қос жер сілкінісінен кейін Венесуэлаға халықаралық гуманитарлық көмектің жедел жеткізілуін қамтамасыз ету мақсатында елге қатысты санкциялардың бір бөлігін уақытша шектеді, деп хабарлайды euronews.

Фото: Report.az

Бұл шешім АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) берген арнайы лицензиямен бекітілді. Лицензияға сәйкес, 2026 жылғы 23 қазанға дейін құтқару және гуманитарлық жұмыстарға тікелей қатысты, әдетте санкциялармен шектелетін қаржылық және логистикалық операцияларды жүзеге асыруға рұқсат етіледі.

АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл шешім табиғи апат салдарын жоюға қажетті қаражатты, оның ішінде үшінші елдерден келетін төлемдерді өңдеуге және аударуға мүмкіндік береді. Алайда мұндай операциялар тек гуманитарлық көмек көрсетуге тікелей байланысты болуы тиіс.

Сонымен бірге лицензия бұғатталған активтерді босатуды немесе Ақ үйдің өзге жарлықтарымен тыйым салынған операцияларды қамтымайды. Вашингтонның айтуынша, негізгі мақсат — аса күрделі кезеңде гуманитарлық көмектің жеткізілуіне кедергі келтіруі мүмкін қаржылық тосқауылдарды жою.

Санкцияларды ішінара жеңілдету АҚШ-тың Каракасқа қатысты қысымды біртіндеп азайтуға бағытталған кеңірек саясаттың бір бөлігі саналады. Бұл үдеріс биыл қаңтар айында бұрынғы президент Николас Мадуро ұсталғаннан кейін басталған.

Соңғы айларда АҚШ Венесуэла әуе кеңістігін қайта ашып, уақытша президент Делси Родригеске қатысты санкцияларды алып тастады. Сондай-ақ мұнай секторына қойылған шектеулерді де жеңілдетіп, елге қатысты стратегиясын біртіндеп өзгертіп келеді.

АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, қазіргі таңда Венесуэла Вашингтонның қамқорлығында тұр.

АҚШ-тың Венесуэладағы қос жер сілкінісіне реакциясы

Трамп әкімшілігі магнитудасы 7,2 және 7,5 болған екі күшті жер сілкінісінен кейін ауқымды шұғыл көмек көрсету шараларын қолға алды. Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригестің жұма күні мәлімдеуінше, алдын ала мәлімет бойынша, апат салдарынан кемінде 920 адам қаза тауып, 3 360 адам жарақат алған.

АҚШ Мемлекеттік департаменті Венесуэлаға іздестіру-құтқару топтарын шұғыл жіберетінін, сондай-ақ ведомствоаралық арнайы үйлестіру тобын құрғанын хабарлады.

Вашингтон Венесуэлаға 150 миллион АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек бөлді. Бұл қаражат халықаралық гуманитарлық ұйымдар мен БҰҰ-ның гуманитарлық қоры арқылы жеткізіледі.

Сонымен қатар АҚШ зардап шеккен өңірлерге құтқарушылар мен гуманитарлық жүктерді жедел жеткізу үшін әскери авиацияны пайдалана отырып, логистикалық қолдау көрсетіп келеді.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригеске көңіл айту жеделхатын жолдады.