Ақтау жылу беру маусымына дайын ба

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Қаладағы қазандықтар мен негізгі жылу көздері жоспарлы жөндеуден өтіп, жылу желілеріндегі анықталған ақаулар кезең-кезеңімен жойылуда. Дегенмен инженерлік желілердің тозу деңгейі жоғары болғандықтан, жекелеген учаскелердегі жөндеу жұмыстары жылыту кезеңінде де жалғасуы мүмкін.

Фото: БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы

«Каспий жылу, су арнасы» МКК мәліметінше, кәсіпорынның қарамағында 9 блокты-модульді және 1 орталық қазандық бар. Оларда жоспарлы жөндеу және техникалық тексеру жұмыстары жүргізіліп, негізгі жабдықтардың дайындығы қамтамасыз етілген.

Жылыту желілерінің жалпы ұзындығы – 469,9 шақырым. Оның тозу деңгейі 65 пайызды құрайды. Биыл жыл басынан бері жылу желілерінде 247 ақау анықталып, оның барлығы жойылған. Сонымен қатар 15–17 қыркүйек аралығында жүргізілген гидравликалық сынақ кезінде тағы 39 ақау анықталды. Оның 30-ы бойынша жөндеу аяқталған, қалған 9 учаскеде жұмыстар жалғасып жатыр.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бұл жағдай қаланың жылыту маусымына дайын еместігін білдірмейді. Керісінше, гидравликалық сынақтардың негізгі мақсаты – әлсіз учаскелерді алдын ала анықтап, маусым басталғанға дейін мүмкіндігінше қалпына келтіру.

Бұдан бөлек, Ақтауда орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосылған 1198 көппәтерлі тұрғын үй бар. 28 қыркүйектегі жағдай бойынша 510 үйде ішкі жылу жүйелерін шаю, гидравликалық сынау және тексеру жұмыстары жүргізілген. 207 тұрғын үй дайындық актісін алған.

Әлеуметтік нысандардың дайындығы да тексеріліп жатыр. Мектепке дейінгі ұйымдар мен жалпы білім беретін мектептердің 100 пайызы дайындық актілерін алған. Медициналық ұйымдардың дайындық көрсеткіші – 98 пайыз.

Сонымен бірге қаладағы жылу инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Биыл 8-шағынауданда ұзындығы 1,64 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Ал 4 және 5-шағынаудандардағы жылу желілерін қайта жаңғыртудың екінші кезеңі басталды. Жоба 2026–2027 жылдарға жоспарланған.

Кәсіпорын жылыту маусымында болуы мүмкін авариялық жағдайларға да дайындық жүргізіп жатыр. Апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына қажетті құбырлар, ысырмалар мен қосалқы бөлшектер қоры жасақталуда. Арнайы техника мен тәулік бойы жұмыс істейтін авариялық бригадалардың дайындығы қамтамасыз етілген.

Облыста жылу беру маусымы сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы үш күнтізбелік күн қатарынан 8°C-тан төмен болған кезде басталады. Ал, Ақтау қаласында жылумен жабдықтауды қосудың жоспарлы мерзімі - 15 қазан.

Бұған дейін, Тараздағы 1 439 көппәтерлі үйге жылу 12 қазаннан беріле бастайтынын жазған болатынбыз