Ақтауда шетелдік 1 келіге жуық апиынды жұтып, елге өткізбек болған

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтау әуежайында есірткі капсулаларын жұтып қойған адам ұсталды, деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.

Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жалғастырып келеді.

Биылғы жылдың сәуір айынан бастап есірткі жеткізудің 9 халықаралық және 2 өңірлік арнасы жойылды, 1 фитозертхананың қызметі залалсыздандырылды. 

Фото: ҰҚК

Ақтау қаласының әуежайында жалпы салмағы 1 келі болатын 114 апиын капсуласын денесінде өткізуге әрекеттенген шетелдік азамат ұсталды.

Фото: ҰҚК

Елорда әуежайында Оңтүстік Азия елдерінің бірінен 12 кг гашиш майын жеткізген қазақстандық ұсталды.

Фото: ҰҚК

Бұдан бөлек, ірі көлемдегі «көкнәр сабағын» контрабандалық жолмен алып өтуге және таратуға, сондай-ақ аталған шикізаттан есірткі құралдарын өндіруге күдікті адамдардың тұрақты қылмыстық тобының құқыққа қайшы әрекетінің жолы кесілді.

— Барлығы 3,4 кг апиын, 9 кг гашиш, 11,4 кг синтетикалық есірткі, 18,5 кг гашиш майы, 26,4 кг марихуана, 110 г кокаин және 20 тонна көкнәр сабаны, сондай-ақ 150 литрден астам прекурсор тәркіленді. Аталған құқық бұзушылықтарды жасады деген күдікпен ҚР 23 азаматы және 3 шетелдік ұсталды. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі, — делінген хабарламада. 

Фото: ҰҚК

Бұдан бұрын Алматыда есірткі саудасымен айналысқан үш ағайынды ұсталғанын жаздық.