Су сору жұмыстарына 20-ға жуық арнайы техника мен 50-ге жуық жұмысшы жұмылдырылды.
— Жұмыстарға коммуналдық мемлекеттік мекемелердің, Төтенше жағдайлар департаментінің, сондай-ақ мердігер компанияның арнайы техникалары мен жол жұмысшылары тартылды. Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын, — деді қала әкімі Мақсат Мұқаш.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңбыр суын сору жұмыстары түнгі ауысымда да күшейтілген режимде үздіксіз жалғасады.
Күндізгі және түнгі ауысымдарда жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қала аумағынан жалпы 10 мың текше метрге жуық жаңбыр суы сорылып шығарылды.
Қазіргі уақытта қала аумағындағы жағдай жауапты сала мамандарының бақылауында. Жаңбыр суын сору және жолдарды ретке келтіру жұмыстары жалғасады.
Айта кетейік, Ақтау қаласында толассыз жауған жаңбырдан кейін бірнеше орталық көшеде су жиналғанын жазған болатынбыз. Қалада жаңбыр суын сору жұмысы жүргізіліп, жауапты мекемелерге жолдарды ретке келтіру тапсырылды.