Ақтөбе облыстық мәслихат депуттары бүгін 5,9 млрд теңгенің қайда жұмсалатынын қарастырды.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына 192 млн теңге бөлінді. Бұл қаржының 94 млн теңгесі Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылындағы өрт сөндіру депосы ғимаратының құрысын аяқтауға, 44 млн теңгесі фармацевтика зауытының сыртқы инженерлік желісіне жұмсалады.
Байғанин ауданы Баршақұм ауылына ауыз су жүргізу, Қарғалы ауданы Әлімбет ауылындағы шекараның өткізу пунктінің құрылысы мен Алға қаласындағы тұрғын үйді күрделі жөндеуге 182 млн теңге бөлінді.
— «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға 1 млрд теңге бағытталды. Қаржы шағын және орта бизнес субъектілеріне несие беруге жұмсалады. Алдағы уақытта 63 шағын-орта кәсіпорын құрылып, онда 320 тұрақты жұмыс орны ашылады, салық түсімі жобамен 3,6 млрд теңге болады.
Білім басқармасына бөлінген 223 млн теңге бірқатар білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады. Оқушыларды тасымалдауға 2 автобус сатып алынады, — деді Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов.
Ақтөбе облыстық спорт басқармасы арнайы көлік сатып алуға және республикалық «Қазақ күресі» жарысын ұйымдастыруға 89 млн теңге жұмсайды. Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ағайынды Жұбановтар мемориалдық мұражайында реэкспозиция жұмыстарын жүргізуге 57 млн теңге алды.
— Ауыл шаруашылығы саласына кредит беру және лизинг мөлшерлемелерін субсидиялау үшін 1 млрд теңге қарастырылды. Сонымен бірге Ақтөбе облыстық полиция департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1 млрд теңге жұмсалады. «Абайға құрмет» акциясы аясында облыстық қаржы басқармасына 1 млрд теңге бөлінді. Қаржы Абай облысындағы Жекпе-жек сарайының құрысына бағытталады, — деді Нұржан Мақсатов.
Ақтөбедегі тағы бір проблема — жедел медициналық жәрдем бригадасының жеткіліксіздігі. Қамту көрсеткіші — 62,4%. Материалдық-техникалық базасын нығайту үшін лизингке 30 көлік сатып алынады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2026 жылға арналған Алматының нақтыланған бюджеті 2 трлн 806,4 млрд теңге көлемінде бекітілді. Астана қаласы мәслихаты кезектен тыс отырыста елорда бюджетінің кіріс бөлігін 79,4 млрд теңгеге ұлғайту туралы нақтылауды бекітті.