АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері, ресейлік маман Владимир Муханов қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Клубтың баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, «Таразбен» өткен матчтан кейін 68 жастағы В.Мухановпен келісімшартты тоқтату жөнінде шешім қабылданған.
Ресейлік маман ақтөбеліктерді 2021 жылдың шілдесінен бері жаттықтырып келді.
Бүгін Таразда жергілікті командадан 0:3 есебімен ойсырай ұтылған «Ақтөбе» ел чемпионатында сегізінші орында тұр.
Команданың бас бапкері міндетін уақытша Петр Бадло атқарады.
Ақтөбеліктер тоғызыншы турда 2 мамыр күні өз алаңында «Ақжайықты» қабылдайды.
Еске салайық, бұдан бұрын футболдан Қазақстан чемпионатында «Ақжайықтың» «Ақсудан» ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Бүгін Ақтауда Қарағандының «Шахтерін» 4:0 есебімен жеңген «Каспий» командасы 16 ұпай жинап, чемпионатта қайтадан көш бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).