Шалқар ауданының прокуратурасы бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығын талдау барысында мектеп қызметкерлеріне жалақы төлеу түрінде 82 млн теңгеден астам қаражаттың жымқырылғанын анықтады.
Анықталғандай, «№5 мектеп-лицейі» КММ-нің бас бухгалтері басқа бухгалтерлермен бірге 2021–2024 жылдары директордың электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, қызметкерлерге жалақыны асыра есептеп аударуды ұйымдастырған. Қызметкерлер артық алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, бухгалтерлерге берген.
Осы факті бойынша аудан прокуратурасы ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша қылмыстық іс тіркеді.
— Шалқар аудандық сотының үкімімен үш кінәлі тұлға сотталды. Бас бухгалтерге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, ал қалған екі сотталғанға 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — делінген хабарламада.
Барлық сотталғандарға 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты сот жазаны өтеуді кейінге қалдырды.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салсақ, БҚО-да 29 млн теңге жымқырған балабақша есепшісінің ісі сотқа жолданған болатын.