Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар жолдың бір бөлігі жабылды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар автожолдың бір бөлігінде жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылады.

Фото: Мұхтар Холдорбеков/Kazinform

«ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 21 қараша сағат 21:00–ден бастап «РФ шекарасы — Мәртөк — Ақтөбе — Қарабұтақ — Қызылорда — Шымкент — Тараз — Қордай — Алматы — Қорғас — ҚХР шекарасы» автожолының 776–965 шақырым аралығында көлік қозғалысы шектеледі.

Шектеу Ақтөбе қаласындағы «Эко Ойл» жанармай құю бекетінен Қарабұтақ ауылына дейінгі учаскеде күшіне енеді. Ол жүк және қоғамдық көліктерге қатысты.

Жол қозғалысын 22 қараша сағат 09:00-де қайта ашу жоспарланған.

Қосымша ақпаратты 1403 байланыс орталығынан тәулік бойы алуға болады.

Еске салайық, бұған дейін «Қазгидромет» синоптиктері ертең, 22 қарашада еліміздің бірнеше облысында қолайсыз ауа райы болатынын ескерткен еді.