ҚРҚорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Даурен Қосанов Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында қорғаныс ведомствосының басшысы өңірдегі әскери инфрақұрылымның дамуымен танысып, жаңа нысандардың ашылу рәсіміне және елдің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шараға қатысты.
Жұмыс сапарының негізгі оқиғасы Жем қаласында жаңа әскери бөлімнің ашылуы болды. Әскери құраманы құру өңірдің әскери қауіпсіздігін нығайту және Қарулы күштердің жедел мүмкіндіктерін арттыру жөніндегі міндеттерге сәйкес жүзеге асырылды.
Қорғаныс министрі әкімшілік-штаб кешенін, казарма қорын, асхананы, мәдени-демалыс орталығын және әскери қалашықтың өзге де нысандарын аралап көрді.
Қорғаныс ведомствосының басшысына жеке құрамды орналастыру жағдайлары, қызмет өткеруді ұйымдастыру, әскери қызметшілерді тамақтандыру мен бос уақытын ұйымдастыру, сондай-ақ әскери қызметті жайлы өткеруге және міндеттерді сапалы орындауға қолайлы жағдай жасайтын заманауи инфрақұрылымдық нысандар таныстырылды.
Қорғаныс министрі заманауи әскери инфрақұрылымды дамыту Қарулы күштерді жаңғыртудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Әскери қалашықтарды кезең-кезеңмен жаңғырту, жаңа нысандар салу және қызмет жағдайларын жақсарту әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, жеке құрамды даярлау тиімділігін күшейтуге және мемлекеттің қорғаныс әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Бұған дейін хабарланғандай, мерзімді әскери қызметтен өтпеген азаматтар әскери мамандық алып, әскери билет иелене алады.