Ақтөбе облысында ЖЭО жылу қазандықтары қайта тексеріледі

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында қазіргі кезде жылу қазандықтары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алайда төтенше жағдайдың алдын алу үшін тағы да тексеру жүргізілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы Жылу электр орталығына таяуда жаңа қондырғы орнатылды. Бұл электр қуатын өндіруге мүмкіндік беретін жоба. Қазіргі кезде облыс бойынша жылу талапқа сай беріліп отыр. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов қауіпсіздік үшін қазандықтарды тағы бір рет тексеруге тапсырма берді.

«Қазіргі күні өңірде жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Көмірдің қажетті қоры жеткілікті. Бюджеттік ұйымдар 33 мың тонна көмірмен толық көлемде қамтамасыз етілді. Орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған барлық әлеуметтік нысандар мен үйлерге жылу үздіксіз беріліп отыр.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында коммуналдық кәсіпорындардың – «Ақтөбе ЖЭО» АҚ, «Aqtobe Su Energy» АҚ, «Энергожүйе» ЖШС және облыстың барлық елді мекендеріндегі қазандықтардың жұмысын қайта тексеруді тапсырды. Бұл мәселе – өңір басшысының жеке бақылауында», - деді облыс әкімінің баспасөз қызметінен.