Ақтөбеде 20 күн бұрын жоғалып кеткен жігіт әлі табылған жоқ

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - 3 тамыз күні жоғалып кеткен 31 жастағы Ерхан Тілеумбетов әлі табылған жоқ. Туған-туыстары, достары қала маңындағы базардың айналасын түгел тінтіп шығып, жақын маңдағы қараусыз қалған ғимараттарды тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

31 жастағы Ерхан Тілеумбетовтың жоғалып кеткені туралы хабарлап, әлеуметтік желі қолданушыларынан көмек сұраған отбасы әлі күнге дейін одан бір хабар ала алмай отыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, 3 тамыз күні Ерхан Тілеумбетов Ақтөбе қаласындағы 41 разъезде орналасқан көтерме базарға барып, қарбыз сатпақ болған. Сол кезде ақ түсті көлік келіп, оны алып кеткен .

Сол күні кешкілік полицияға барып, арыз жазған анасы Райхан Есенаманова әлі күнге дейін ұлы туралы бірде-бір ақпарат ала алмай отыр. Ол жергілікті әкімдіктен, прокуратурадан да көмек сұраған болатын.  

«Ешқандай хабар жоқ. Полиция іздеу жүріп жатқанын айтады. Прокуратура өкілдері де келіп, іздеудің тоқтаусыз жүріп жатқанын жеткізді.

Бейнекамерадан алындан материал бар, адамның сұлбасы көрініп тұр. Қаланың ортасындағы базар ішінда тұрып, кейін жоғалып кеткен баламды таба алмауы мүмкін емес. Біз сол маңдағы орманды, ғимараттарды түгел қарап шықтық. Достары Бестамақ ауылы маңындағы қараусыз, иесіз қалған нысандарды тексерді. Ештеңе жоқ. Өте ауыр жағдай, күн өткен сайын қорқыныш басым болып барады»,- деді Р.Есенаманова.

Айта кетейік, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі іздеу жұмыстары кешенді жүріп жатқанын, әрі қарай жалғасатынын жеткізді.