АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Дөң ауылында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астана күні қарсаңында Дөң ауылының балаларына жаңа мектеп есігін айқара ашты. 600 орындық мектепті салып, заманауи техникамен жабдықтауға 1,4 миллиард теңге жұмсалған.
«Кез келген ұлт пен мемлекеттің болашағы ең алдымен, азаматтардың білімділігіне, мәдени деңгейі мен денсаулығына байланысты. Тәуелсіздік алған күннен бастап Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өзінің ақылды әрі сауатты азаматтарының арқасында дамыған отыз елдің қатарына енуі үшін барлығын жасап жатыр. Президент тапсырмасын орындай отыра, біз өткен жылы Ақтөбе облысында 14 жаңа мектепті аштық. Қазір 26 мектеп салып жатырмыз, солардың 13-ін жыл соңына дейін пайдалануға береміз. Дөң ауылындағы мектеп Астананың мерейтойына, сонымен қатар Дөң тау-кен байыту комбинатының 80 жылдығына орай ашылып отыр. Бұл ауылдың экономикалық жағынан белсенді халқының 60 пайызы - осы комбинаттың қызметкерлері», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жаңа мектеп 3 қабатты. Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнда кітапхана, екі спорт және мәжіліс залы, асхана, химия, биология, физика мен заманауи лингафон кабинеті бар. Мұнда балалардың шығармашылықпен айналысуына да мүмкіндік жасалған. Аулада футбол, баскетбол алаңдары, жүгіру жолағы, теннис және шахмат үстелдері орнатылған.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.