Ақтөбе облысы әкімдігінің ғимаратынан өрт шыққанда сөндіру жұмыстарымен қатар туды уақытылы шешу тапсырмасы берілді. Бұл тапсырмашы № 4 өрт сөндіру бөлімінің үш қызметкері орындады.
— Басшылықтан мемлекеттік туды шешу, оған өрт тигізбеу туралы бұйрық түсті. Бөлімнен бір бөлімше, оның ішінде азаматтық қорғау старшинасы Ержан Туртаев, азаматтық қорғау сержанты Айболат Дәуренбай, өрт сөндіруші Жандос Қазбаев барып, туды шешіп алып келді. Үш қызметкер батылдығын танытып, төбеге шықты. Біз оны ТЖД бастығына табыстадық. Басшы облыс әкіміне берді. Шешіп алу 10-15 мин уақыт алды, — деді Ақтөбе қаласы ТЖБ № 4 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Саламат Нұрқалық.
Оның айтуынша, кеше сағат 20:21–де облыстық әкімдіктің төбесі жанып жатқаны туралы хабарлама түсті. Сағат 20:22–де № 4 өрт сөндіру бөлімінен үш техника, 12 адам дереу жөнелтілді. Ал сағат 20:26–да кезекші Аманғали Умешов өрт орнына жетті.
— Облыстық әкімдік болғасын жерде жоғары рангті шақырту деп саналады. Жеке құрам дұрыс шешім қабылдап, дұрыс әрекет жасай білгеннің нәтижесінде сол жерден өттің толық таралуына жол бермеді. Барған кезде Елтаңданың дәл үстіңгі жағы, тудың асты қатты жанып жатты. Қай жерден басталғанын нақты айта алмаймын. Өйткені біз барғанда алдыңғы бөлігі, бұрышы, шеті жанып жатты, — деді Саламат Нұрқалық.
Еске салсақ, кеше кешкілік Ақтөбе облыстық әкімдігі ғимаратынан өрт шықты. Өрт ауданы 300 шаршы метрді құрады. Ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Бүгін Ақтөбе облысы әкімдігі қашықтан жұмыс істейді. Қазіргі кезде полиция қызметкерлері әкімдік ғимаратын қоршауға алған. Өрт электр тогының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін. Алдын ала айтылған болжам осы.