Ақтөбе облыстық мәслихатында депутаттар әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығын сұрады. Қазіргі кезде өңірдің жалпы дайындығы 60% құрап отыр. Қажетті отын қорының да 60% жеткізілді. Ал әлеуметтік нысандарға келер болсақ, білім беру саласында отынның 88% тасымалданды.
- Өңірде Ақтөбе облыстық білім басқармасына қарасты 702 мемлекеттік білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 106-ы қатты отынмен, 14-і сұйық отынмен, 295-і көгілдір отынмен, 26-ы электр қазандығымен, жетеуі пешпен жылытылады. 304 білім беру ұйымы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Бүгінгі таңда 88% отын тасымалданды. Келісімшарт бойынша қалғаны 1-қазанға дейін тасымалданады. Сонымен бірге 38 білім беру ұйымына қазандық, сорғы, жылу алмастырғыштарды сатып алуға, 9 білім беру ұйымының жылу құбырын жүндеуге 305,5 млн теңге бөлінді,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.
Ал мәдениет саласында үш аудандағы төрт нысанға қатты, сұйық отын әлі жеткізілмеді.
- Мәдениет саласында 235 ғимарат бар. Қажеттісі 1859 тонна қатты отын, 160 тонна дизель отыны. Бүгінгі таңда барлық мекеме келісімшарт жасалып, отын жеткізілді. Тек Мәртөк ауданы Достық ауылының кітапханасына 8 тонна көмір, Мұғалжар ауданы Құмсай ауылдық клубына 25 тонна сұйық отын мен Жаңатұрмыс ауылдық клубына 10 тонна көмір, Әйтеке би ауданы Толыбай музейіне 25 тонна көмір жеткізу үшін екінші рет конкурс жарияланды,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.
Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, биыл жылыту маусымына 5 нысан дайындалады. Олардың арасында қарттар үйі, жүйке ауруына шалдыққан балаларды оңалту орны бар. Соның ішінде №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қазандық жаңғыртылып жатыр. Ал облыстық денсаулық сақтау басқарасы, спорт басқармалары дайындықты тамыз айының соңына дейін аяқтамақ.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Ақтөбеде инвестициялық бағдарлама аясында 2,8 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде 2,3 шақырымдық сумен жабдықтау жүйесін жаңартуға 1,1 млрд теңге жұмсалады. Ал 1,8 шақырымдық жылумен жабдықтау жүйесіне 1 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылды. Су бұру жүйесін жаңартуға 653 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады.