Ақтөбеде «Әлімбет» шекара бекетіндегі жөндеу жұмысы биыл аяқталады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Құрылыс жұмысы былтыр қыркүйекте басталды. Жоба құны — 14,7 млрд теңге.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Әлімбет» автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмысын жүргізіп жатқан мердігер 2024 жылы анықталды. Үш жылдық келісімшарт бойынша негізгі жұмыс былтыр басталды және 16 айға жоспарланған.

— Жаңғырту жұмысы биыл жыл соңына дейін аяқталады. Мұнда қызметтік иттерге арналған арнайы орын да болады. Сонымен бірге шаруашылық және ауыз суға арналған насос станциясы жұмыс істейді. Мұнда өртке қарсы су құбыры да салынды. Құрылыс алаңында барлығы 11 техника мен 35 адам бар, — деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында тағы 2 шекара бөлімшесі салынуы мүмкін. Бірі Әйтеке би ауданы «Әйке», екіншісі Мәртөк ауданы «Қиялы» бөлімшесі.