Ақтөбеде аяз күшейіп, жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды

АҚТӨБЕ.KAZINFORM – Самара-Шымкент тасжолының Ақтөбе-Қарабұтақ, Қарабұтақ-Қостанай, Ақтөбе-Қызылорда аумағында дизель отынымен жүретін жүк көліктеріне шектеу қойылды. Полиция жолдағы өзге көліктердің жүруін реттеп жатыр.

Фото: Мухтар Холдорбеков/Kazinform

Ақтөбеде аяз күшейіп, боран болып тұр. Салдарынан сағат 19:00–де Самара-Шымкент тасжолының Темірбек Жүргенов ауылынан Қостанай облысы шекарасына дейінгі аумақта дизель отынымен жүретін көліктер мен қоғамдық көліктерге шектеу қойылды. Сонымен бірге Самара-Шымкент автожолының Ақтөбе қаласы Бекқұл баба ауылынан Қызылорда облысы шекарасына дейінгі бөлігінде дизель отынымен жүретін жүк көліктеріне шектеу бар. 

— Аяз бен боран, көру мүмкіндігінің нашарлығына байланысты жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Қазіргі таңда Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасы қызметкерлері аталған республикалық маңызы бар трассада тәулік бойы қызмет етіп жатыр. Оларға жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қозғалысты реттеу және көлік кептелістеріне жол бермеу міндеті қойылды, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Еске салсақ, боранды күні бұл аумақта жүздеген жүк көлігі тоқтап, қатынас мүлде тоқтаған болатын. 

ВИДЕО: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі