Ақтөбеде биыл қанша ауыл газбен қамтылады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Үш ауданда 8 ауылға газ құбыры тартылады. Тағы 8 жоба ұсынылды.

Фото: Тұрғындардан

Ақтөбе облысында Әйтеке би ауданының Ақтасты, Тұмабұлақ, Жабасақ, Мәртөк ауданының Полтавка, Ойыл ауданының Қаракемер, Кемер, Ақкемер және Ақшатау ауылдарына биыл табиғи газ беріледі. Бұл ауылдарда 3 700-ден астам адам тұрады.

— Республикалық бюджет комиссиясына тағы 8 жоба ұсынылды. Олар Қобда ауданының Көк үй, Жиренқопа, Ырғыз ауданының Құйылыс, Ойыл ауданының Сәрбие, Құбасай, Қараой, Темір ауданының Құмкұдық, Шибұлақ, Бабатай, Байғанин ауданының Қосарал, Көкбұлақ, Мұғалжар ауданының Ақсу, Құмсай, Мәртөк ауданы ның Дмитриевка ауылы. Мұнда барлығы 6 мыңға жуық адам тұрады. Қаржы бөлініп, жобалар жүзеге асырылса, газбен қамтамасыз етілген елдімекендер саны 225-ке жетеді. Ақтөбеде қазір 319 ауыл бар, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы.

Айта кетейік, Түркістанда 2027 жылға дейін 161 елдімекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Өткен жылы 87 нысанның құрылысына 20,7 млрд теңге бөлінген.