Ақтөбеде бір күнде үш адам суға батып кетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Қайғылы оқиға Қобда, Темір және Мұғалжар аудандарында тіркелді. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Фото: freepik.com

Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қобда ауылынан 4 шақырым жердегі су басқан аумақтан 1969 жылы туған ер адамның, Темір ауданы Кеңқияқ кентінде Темір өзенінен 1995 жылы туған ер адамның, сондай-ақ Мұғалжар ауданы Ембі қаласында Жем өзенінен 1984 жылы туған ер адамның денесі табылды. Олардың бәрін де судан куәгерлер шығарды.

- Алдын ала мәлімет бойынша олар белгісіз жағдайда суға батып кеткен. Бірінің ішімдік ішкені анықталды. Оқиға орындарында жедел-тергеу топтары жұмыс жүргізді. Әрбір оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Өскеменде 19 жастағы жігіт суға батып кетті. Жігіттің денесін сүңгуірлер алып шықты.