Ақтөбе қаласындағы шағын ауданда 22 көшеге жөндеу жұмысы жүргізілуге тиіс. Жоба 2024 жылы қолға алынып, әлі жалғасып жатыр. Былтыр алты көше жөнделіп, 600 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Ал биыл 2,2 шақырым болатын екі жолға 500 млн теңге қарастырылды.
— Биыл күн жаңбырлы болып, құрылыс тоқтап тұрды. Қазір қайта жанданды. Жол негіздемесі дайындалып жатыр. Мердігер мекеменің ақпаратына сүйенсек, тамыз айында асфальт төселеді. Іргелес жатқан Халида Маманова көшесінде де негіздеме жасалады. Екі көшенің ұзындығы — 2 шақырым 200 метр. 500 млн теңге облыстық бюджеттен бөлінді. Биыл екі көше ғана жоспарланды. Негізі 2024 жылы келісімшарт жасалды. 2025 жылдан бастап құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жоба 22 көшені қамтиды. Бәрі қаржыландыруға сәйкес кезең-кезеңімен атқарылады, — деді Ақтөбе қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Есет Кенжебек.
22 көшеге арналған жобаға жауапты бас мердігер жұмысты қосалқы мердігерге тапсырған. Алғашында ұзындығы бір жарым шақырым болатын Исатай Тайманов көшесіндегі асфальттың жоғарғы қабаты қырылып, қайта төселді. Жол көктемде қармен бірге еріп, қосалқы мердігермен арада келісімшарт үзілді. Былтыр жұмысты өзге мердігер жалғастырды.
— Бас мердігер жұмысты 2024 жылы алған. Біздің алдымыздағы қосалқы мердігер жобаны дұрыс бастамаған. Ал біз 2025 жылдан бастап 5 көшеге асфальт салдық. Жалпы ұзындығы — 3 шақырым. Биыл тапсырыс беруші Тайманов көшесін жөндеуді біздің жоспарға енгізді. 500 млн теңге қаржы бөлігін тұр. Қазіргі таңда жұмыс істеп жатырмыз. Тайманов көшесі — 1490 метр. Бірінші жылы салынған жолдың бұзылу себебі — жерасты суының көтерілуі. Бұрын су жиналатын жер болған соң негізі әлсіз жол бұзылып қалған. Негіздемені қазып алып тастап, орнына үлкен тастар мен қиыршық тас төсеп, бекітілді. Мұның барлығы жобада жоқ. Құжаттарын өзгертіп, құзырлы органдардан қайта рұқсат алып жатырмыз, — деді қосалқы мердігер компанияның инженерлік-техникалық жөніндегі инженері Абылайхан Жумин.
Мердігер құрылысы екі жылға созылған жол жобасын келесі айда аяқтауды жоспарлап отыр. Әзірше тұрғындар аялдамаға жету үшін бірнеше шақырым жаяу жүруге мәжбүр.
— Егде жастағы адамдарға бірнеше шақырым жаяу жүру қиын. Өзім жарты жолда аялдап, демалып аламын. Қазір қоғамдық көлік ауылдың екі шетіндегі тасжол арқылы ғана жүреді. Мен мұнда 2000 жылдан бері тұрамын. Ол кезде жол болмады, балшық кешіп жүрдік. Аяғымызға пакет, резеңке етік кидік. Кейін жол салды, бірақ ол қиыршық тас еді. Екі жыл бұрын жұмысты бастап, аяқтамады. Былтыр осы маңда көлік балшыққа батып жатты, — деді қала тұрғыны Дәулетрияр Исмаилов.
Айта кетейік, былтыр Ақтөбе өңірінде 26 іс сотқа түсті. Оның 17-і қалада, 9-ы аудандарда. Көбіне тапсырыс беруші жұмысын тиісті деңгейде орындамаған мердігердің үстінен арыз түсірген. Әсіресе жосықсыз деп тануды сұрады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Оңтүстік батыс тұрғын алабының тұрғындары соңғы екі жылда мәселені жиі көтеріп жүр.