Ақтөбеде бүлінген жолдарды жөндеу жұмыстары басталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде былтыр салынған жолдардан ақау шығып жатыр. Ақтөбе қаласында жолдағы ой-шұңқырды жамауға 250 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыс бір мердігерге жүктелді.

Ақтөбедегі бүлінген жолдар
Фото: Алтынай Сағындықова

Күзде құбыр салып, көктемде көліктер батпаққа батып қалды

батпақ
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе қаласындағы Оңтүстік батыс тұрғын алабының Ақтан батыр көшесіне жартылай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл көшенің бір бөлігіне асфальт салынып, екінші бөлігі батпақ болып жатыр. Құбыр жүргізілген аумақта көлік балшыққа батып қалған, бірнеше күннен бері қоқыс жиналмады. Себебі мұнда қоқыс тасымалдайтын көлік кіре алмай қалды. Ақтан батыр көшесіне қиылысатын Исатай Тайманов көшесінде де дәл осы көрініс. Бұл көше де жартылай жөнделіп, былтыр құрылыс жұмыстары аяқталмай қалды.

қоқыс
Фото: Алтынай Сағындықова

- 2024 жылдың соңында көшенің бір бөлігіне асфальт төседі. Біз барлығын да асфальттайды деп ойладық. Бірақ жолды уақытша жапқанымен, асфальт сол күйі төселмеді. Қыста жолдың қарын ашып, қырып тұрды. Ал көктемде жертөлеге су кетті. Қайта-қайта көмек сұраған соң судың үстіне құм төсеп кетті. Күн сайын әкімдікке хабарласып отырамын. Сол кезде келіп, суды сорып кетеді. Бізге нәтиже керек. Балаларымызды балабақшаға апара алмаймыз, ал такси қызметі қымбаттап кетті. Тіпті 100 метр жерге 1000 теңге сұрайды. Ал өзіміз дәрігерге бару үшін жар жағалап жүрміз. Тайманов көшесі тұрғындарының тілегі сол,- деді Ақтөбе қаласы Тайманов көшесінің тұрғыны.

 

Ақтөбенің жолдары
Фото: Алтынай Сағындықова
Ақтөбедегі жолдар
Фото: Алтынай Сағындықова

Ал Жаңақоныс-3 тұрғын алабындағы Сұлутөр көшесінде асфальт бүлінді. Тұрғындар былтыр ғана жолдың бірнеше қабаты төселгенін, ал биыл көктемде қиыршық тастары үгітіліп жатқаны туралы айтып, әлеуметтік желіге жариялады.

- Былтыр Сұлукөл көшесінде нығыздық коэффициенті талапқа сай келмеді. Бірінші қабаты осылай шашылып қалып жатыр. Енді қырып, қайта салуы керек. Мердігер сапасыз салған. Сын айтқанда былтыр бәрі күмәнмен қарап еді. «Көктемде келгенде көресіңдер» деп едім. Міне, жол осылай болып тұр,- деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаев.

Жол сапасынан кемшілік анықталғанымен, мердігер бәріне бірдей құлақ аса бермейді

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаевтің айтуынша, былтыр Ақтөбеде 175 жобаға тексеру жүргізілді. Көбі аудандық маңызы бар жол.

Ақтөбедегі жолдар
Фото: Алтынай Сағындықова

- Жол құрылысы сапасын тексеру кезінде 400-ге жуық кемшілік анықталды. Мәселен жол салу кезінде үш техника жүруі тиіс болса, оның біреуі, кейде екеуі ғана болады. Сонымен бірге тасымалдаған кезде асфальт қоспасының температурасы сақталмайды. Бұл да сапаға әсер етеді. Қоспаны төсер кезде қиыршық тастың үстіне битум жағуы тиіс. Ол да болмай қалды кейбір жобада. Техникалық қадағалаушыларды да таппай қаламыз. Мұның дәрі кемшілік. Соның тең жартысына жуығы кемшілікті түземеді.

Техникалық қадағалаушы, жол сапасына жауапты тікелей адам. Бірақ олардың жұмысын біз көрмейміз, мердігерлерге де сол қолайлы болып тұр. Былтыр жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың да сапасын тексеріп, 2 мың сынама алынды. Сол кезде 30 пайызға жуығы талапқа сай болмай шықты. Ол қателікті ескерді ме, әлде сол күйі қалдырды ма? Бізге бұл жағы беймәлім. Себебі тапсырыс беруші де, мердігер де кері жауап қатпады. Соған қарағанда сол сапасыз материалдар құрылыс, жөндеу кезінде пайдаланылған болуы мүмкін. Біз оған сенімдіміз,- деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаев.

Ақтөбенің жолдары
Фото: Алтынай Сағындықова

Мәселен былтыр Кеңес Нокин даңғылы салынған кезде жол-құрылыс материалдары жобалық-техникалық талапқа сай болмады. Талап бойынша ірі дәнді тығыз асфальт-бетон қоспасы пайдаланылуы тиіс еді. Алайда жол жөндеу кезінде ұсақ кесекті материал пайдаланылған.

- Біз зертханалық талдау жасаған соң ескерту бердік. Бұл жолды жартылай салған кезде қайта ескерту жасаған едік. Тапсырыс беруші бірінші ескертуде шұғыл тоқтатып, қайта салдыруы керек қой. Олай етпеді, ал биыл жолдан ақау шықты. Дәл осы учаскеде тығыздығы да тексерілді. 12 сынама сәйкес келмей, «қайта жасау» туралы ұсыныс жасағанбыз. Биыл жол нашар, көлікті дірілдетіп жібереді, - деді Тельман Малаев.

Қалада жол жамау жұмыстары басталды

Қар еріген соң жолдың ой-шұңқыры көрініп жатыр. Ақтөбе қаласы әкімдігі ағымдағы жөндеуді бастаған.

Ақтөбедегі жолдар
Фото: Алтынай Сағындықова

- Ақтөбеде қыстан кейін жолдардың асфальт жабындысында пайда болған ақауларды жою үшін ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Жұмыс қаланың орталық көшелерінен бастап, жүргізіліп жатыр. Мердігер ойық пайда болған жерді кесіп алып, асфальт төсейді. Мұндай жұмыстар қаланың орталығындағы Мәскеу, Құрмыш, Сүт зауыты, Шанхай аудандарындағы, ескі қаладағы және тұрғын алаптардағы көшелерде жүргізіледі. Ағымдағы жөндеу жұмысымен айналысып жатқан мердігер ұйым - «Коквест» ЖШС.

Келісімшарт сомасы бойынша 250 млн теңге қарастырылды. Бірақ бұл қаражат мердігерге толық төленеді деген сөз емес. Себебі қаржы мердігерге жұмысты аяқтағаннан кейін аударылады. Яғни, қанша шаршы метрде ағымдағы жөндеу жасалғаны есептеледі. Содан кейін есебіне қарай келісімшарт сомасы азайтылуы мүмкін. Жұмыстар осы және алдағы айда жүреді,- деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаевтің айтуынша, әр көктем сайын ой-шұңқырды бітеу дұрыс. Егер кішкентай ойық болса, дер кезінде жөндеп, жолдың әрі 2-3 жыл қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді. Ал егер сол күйі жөнделмесе, ойық көлемі үлкейіп, жол жарамсыз күйге түседі.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында жол құрылысы жұмысы мамыр айында басталады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, 101 жобаны жүзеге асыруға 44,7 млрд теңге бөлінген. Олардың ішінде 21-і – жергілікті, қалған 80-і – қалааралық және ауылішілік жолдар.

 

Соңғы жаңалықтар