Ақтөбеде 288 шақырым жолды жөндеуге 44,7 млр теңге бөлінді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде биыл 288 шақырым жол жөнделеді. Көбі қалааралық және ауылішілік жол. 

Ақтөбеде 288 шақырым жолды жөндеуге 44,7 млр теңге бөлінді
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе облысында жол құрылысы жұмысы мамыр айында басталады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, 101 жобаны жүзеге асыруға 44,7 млрд теңге бөлінген. Олардың ішінде 21-і – жергілікті, қалған 80-і – қалааралық және ауылішілік жолдар. 

– Қаржының 3,3 млрд теңгесі облыстық жолдарды дамытуға бөлінді. Олар: Шалқар-Бозой, Қобда-Ойыл жолдарын орташа жөндеу, қаладағы Ғ.Жұбанова көшесі мен Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық жолдарының су өткізгіш құбырларын күрделі жөндеу. Ал, аудан жолдарын жөндеуге 18,6 млрд теңге жұмсалады. Оған аудандық 117,2 шақырым, ауылішілік 82 шақырым жол кіреді. Ақтөбе қаласында 23 жоба іске асырылады. Оған 22,7 млрд теңге қаржы жұмсалады. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық күйдегі көрсеткішін 80 пайызға жеткізу көзделіп отыр, - деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр. 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Ауыл ел – бесігі» жобасы аясында жалпы сомасы 4,7 млрд теңгеге аудандардағы 26 ауылішілік жолды салу және жөндеу жобасы жүзеге асырылады. Өңірде жалпы жол құрылысы жұмыстары кезінде биыл 38,4 мың тонна битум, 1,7 млн тонна қиыршық тас, 320 тонна құм, 17,3 мың тонна цемент қолданылады. 

– Жол инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат бөлініп отыр. Жолдарды жөндеу мен құрылыс жұмыстарын жоғары сапада жүргізу қажет. Жол жағдайын бақылауды күшейту керек. Әрбір жоба уақытында және кемшіліктерсіз аяқталуы тиіс, - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров. 

Айта кетейік, биыл «Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Ұлғайсын» және Сарыағаш айналма жолының құрылысы басталады.

Соңғы жаңалықтар